ШӘМШІ ӘЛЕМІ

Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовқа биыл 90 жыл.

Тума таланттың мерейтойы қарсаңында жыл басында А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Шәмші әлемі» бұрышының салтанатты түрде тұсауы кесіліп, «Сен едің бір қазына, Шәмші аға!» атты еске алу кеші өтті. Әуезді кешке композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова, інісі Қадір Қалдаяқов, жиен қарындастары Эльмира мен Гауһар Абытовалар және Шәмшінің көзін көрген зиялы қауым мен әндерін орындаған өнерпаздар қатысты. Сыршыл сазгердің өнер жолындағы жетістігі мен өшпес мұраларынан, өміріндегі қызықты оқиғаларынан сыр шертіліп, әндері шырқалды.

Ән көгінде жарқырай жанып, аққан жұлдыздай із тастап өткен дара тұлғаның артында қалған өшпес мұрасы осылайша бір жаңғырды.

15 тамыз күні Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай «Оnline» режимінде іс-шаралар топтамасы ұйымдастырылды.

ҚР Мәдениет қайраткері, Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әртіс-жүргізушісі Гүлбала Әбуова және Халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқауларының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Хадиша Шалабаеваның қатысуымен  онлайн-сұхбат өтті.

Г.Әбуова көпшілік көрерменге Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен  шығармашылығынан сыр шертті. Жалпы алдағы уақытта да сазгердің өмірі мен  шығармашылығына қатысты атқарылатын жұмыстар, орындалатын әндер әлі де көп екенін айтып өтті.  Әнші Хадиша Шалабаева «Отырардағы той», «Құшақ жайған қандай адам» әндерін әдеттегідей нақышына келтіре орындады.

Иә, қазақ даласын ғажайып әндерімен тербеткен аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Кітапханалық «Ескерткішке тағзым» жобасы аясында Қазақ вальсі королінің құрметіне Республика аумағында қойылған ескерткіштер туралы мәліметтер беру мақсатында, әйгілі сазгердің есімін мәңгі есте қалдыру үшін

Faсebook желісінде оқырман назарына «Шәмші – мұра»  атты слайд ұсынылды.

Слайдта Шәмшінің өз туған жері Отырарда, Кентау, Шымкент, Алматы қалаларында қойылған ескерткіштері таныстырылды.

Ақмарал ОМАРОВА,

А.С.Пушкин атындағы Түркістан

облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.