Шардара шатқаяқтап қалмай ма?

Облыс әкімі Ж.Түймебаев өзінің Мырзашөл өңіріне жасаған іссапарын Шардараға барумен аяқтады. Ауданның бірқатар кәсіпорындарында болып, ондағы еңбек адамдарының жасап жатқан жарқын істеріне өзінің ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Облыс басшысы теңіздің жағалауында салынып жатқан демалыс аймағының құрылыс жұмыстары барысын көріп шықты.

Ауданда бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын аудан әкімі Б.Қыстауов барынша сипалап жеткізуге тырысқанымен, мына жақта алақаныңмен бассаң да өшірілмейтін фактілер тұрды ғой.

Жылдың 4 айында Шардарада инвестиция тартудың көлемі 36,6 пайызға дейін төмендегені атап көрсетіліп, нақты тапсырмалар берілгеннің өзінде, Шардараның ин­вес­тиция тартуы 63,4 пайызға дейін кеміген.

Шардарада бір мектеп құрылысының жүргізілуі кешіктіріліп жатса, аудан әкімі Б.Қыстауов болса кінәнің бәрін мердігерлердің басына үйіптөгіп, өзін «сұлу торы аттай» көрсеткісі келетін сияқты. Сонда аудан аумағында жүріп жатқан құрылыстың барысы қызықтырмайды, Б.Қыстауовты теңіз жағалап, теңіздің ауасын жұтқан сайын қиялға беріліп, рахат сезімге бөлену ғана қызықтырғаны ма?

Әрине, теңіз жағалап ұшқыр қиялға берілгенінде небір су перілерінің ортасында қалғандай болуы да мүмкін ғой. Ал одан кейін ел жүгін көтерудің ауыртпалығын сүйреуге құлқың бола қояр ме екен?

Бір кездері аудан тізгінін өңірдің іскер жігітінің бірі Марғұлан Марайымның ұстаған кезінде Шардара өңірінде бір серпіліс  болып еді, жоғарыдан нақты қолдау болмаған соң, небір жаңашыл бастамалар жайына қалды.

Бір кездері Шардараның атағы республикада дүркіреген еді. Енді не болды? Сол халық, сол жер, сол су, яғни бәрі бәз баяғы орнында тұр. Бірақ алға жылжу жоқ. Біздің білгір экономистеріміздің өзі Шардара ауданының мемлекеттен бір тиын қаржы алмай, өзін-өзі қаржыландырып күн көре алатынын дәйекті дәлелдермен жазып та жүр, айтудан ауыздары да талмай келеді. Иә, ауданның өз күнін өзі көруге толық мүмкіндігі бары баршаға аян. Біздің республикада алғашқы болып «самофинансированиемен» жұмыс істеп отырған ауданды шығаруымызға толық болар еді, бірақ оған басын ауыртып отырған басшыны табу қиын.

Астанадағы ақшасын қайда жіберерін білмей отырған бай-манаптарға Шардара теңізінің жағасын беріп, «Демалыс аймағын» салғанынан Шардараның шалқи қоймайтыны анық-ақ.

Б.Қыстауовтың Қазығұрт ауданында әкім болған жүргенінде  кейбір елді мекендерде пада шығарып қозы-лақ айдап, бұзау арқандайтын жерлердің жекешеленіп, қарапайым халықты қиындыққа душар етуін аудан шенеуніктерінің беталдылыққа кеткенінің белгісі деп білгені жөн. Ең сорақысы, аудан басшылары мектептердің біріне бес кило қазы әкел, енді біріне алты тауық пісіріп әкел, тағы біріне он шақты кило балық пісіріп әкел, т.с.с. жалғаса беретін «жылу жинау» арқылы аудан орталығында бірнеше жүз адамға дастархан жаятын «Наурыз тойын» өткізу арқылы қарапайым қазығұрттықтардың намысын жер қылғанына сол кездегі аудан әкімі Б.Қыстаубаевтан бастап, бір де бір шенеуніктің беті бүлк етпеген еді.

Б.Қыстауовтың Шардараға аяғы тигеніне аз уақыт болған жоқ. Әзірше жұрт сүйсінерлік іс айтыла бермейді. Қайта А.Абдуллаевтың қысқа уақытта үлгерген істері ауыздан түспейтін сияқты.

Қазақтың «төркініне сенгеннің төбесі тесік» дегеніндей, Б.Қыстауовтың «тізгін біздің қолымызданы» жиірек айтатын нағашы жаққа сеніңкірегені Шардараны шатқаяқтауға дейін жеткізіп жібермесе болғаны да.

«Қазақстан жолы»-ақпарат

 «Шарқ ұрады шағала»

Есімі облысқа танылып қалған Б.Қыстауовтың Шардара ауданында әкім болып тағайындалуынан кейін біз шынайы жанашырлық, ақжарма көңілден шыққан ой-сараптамасын газетіміздің 30.12.2016ж. №50-51 санында жариялаған едік. Әкім Б.Қыстауовтың басшылық қызметтегі тірліктеріне көңілі толмайтын аудан тұрғындарының редакцияға жолдаған хаттарын саралаудан кейін осы мақаланы еске түсіруді жөн көрдік.

Айтпағымыз, аудан әкімі Б.Қыстауовтың алдағы тірлігінің қай бағытта жүргендігін таразылау. Әкім екі жолдың айрығында тұр. Біріншісі, соңғы 10-15 жылда қалыптасып, дәстүрге айналған жол – аудан тізгінін ұстап отырған «кландық» топтың айдауына жүріп, айтқандарын мүлтіксіз орындайсың. «Креслоңа» ешкім тиіспейді, бұйыртқанын қалтаңа салып, томпиып отыра бересің. Мәселенің бәрін осылар шешеді, ал сені оны өзіңнің сөзің етіп, өз аузыңмен айтасың. Қызметке кадр қабылдау, тендерді бөліп беру, субсидияны да шешіп отыру сенің құзырыңа кірмейді, тек қол қойып беріп отыруды білсең болды. Айтқанға көнбесең, сен де эксәкім А.А-ның күйін кешесің.

Ал, екінші жол – халық жағына шығып кетесің де, не көрсең де елмен бірге көресің. Ол жолмен жүру оңай емес. Ең алдымен аудан әкімі аппараты мен оның бөлімдеріндегі басшылық қызметте жүрген екі «кландық» топтың адамдарынан құтылып алуың керек. Терең «тазарту» жүргізіп алмай, басың алтын болса да, жұмыс жүргізе алмайсың. Оған қолыңды жеткізу үшін облыс әкімдігінің пәрменді қолдауы керек.

Кешегі атышулы төбелестің ортасында тіліп жүрген, әбжіл қимылды аудандық мәслихат хатшысы Бұлтекеңнің бүгінге дейін «мұртын балта шаппауын» қалай түсінесің? Республиканы шулатқан шулы сорақылықтың белсендісінің бірі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, ауданның «екінші» басшысы – хатшының мәселесі неге қаралмайды? Халық таңдаулылары кеңесінің төрінде отыруға дәл қазір мәслихат хатшысының  моральдық құқы бар ма? Мәслихат хатшысының мәселесін шеше алмаған соң, ауданға әкім етіп Б.Қыстауовты жіберіп, оны әуреге салудың да қажеті жоқ еді. Одан да әкімдікті хатшыға бере салу керек пе еді? Өйткені, облыстық мәслихаттың кейбір депутаттарының «Қ.Айтөреевті Шардара ауданына әкім етіп жіберу керек» деп өзеуреуі тегін емес шығар-ау.

Сонау бір жылдарда  «мүйізі қарағайдай  көкелері» мәмілеге келіп, аудан тізгінін қыз алысса да, ағайынды екі рудың азаматтары таразы басын тең ұстап отыру қажеттігін белгілесе, сол бүгінге дейін сақталып отыр­ғанын ел іші босқа айта ма? «Тізгінді бермеу» ұстанымына ауданға келген әкім көнбесе, онда өз обалы өзіне. Аудандағы басшылық қызметтерді «А» мен «Б» болып келетін рулардың ғана  жігіттері бөліп алған дегенді айтудың астарында не бар? Бөтендер «қораға кіргізілмейді», әсіресе туралықты айтатындар алғашқы кезекте-ақ ысырылып тасталынады. Ел аузында соның айқын мысалы деп белгілі қаламгер, турашыл азамат Жұмабек Мұқановтың қуғындалуы айтылатын  көрінеді. Сондай-ақ, Қ. есімді педагог та ауданның білім саласын көтеруге өлшеусіз үлесін қосқан. Ол биліктегі «кланға» қарсы туралықты айтып қалғаны үшін қуғындауға алынып, бәрінен де «за бортом» лақтырылады. Бірге өскен, қызметтес болған жерлестерінің өзін  туралықты айтқаны  үшін қудалайтын «азулылар» заң аясында жұмыс істегісі келетін әкімге күн көрсете қоя ма? Егер ағайынды сыбайластардың тұтастығы сөгіліп, нағыз елжанды азаматтар Б.Қыстауовтың қатарынан табылмаса, Шардарадағы шатақтың соңы жалғаспайтындығына кім кепілдік  бере алады? «Тізгінді бермеудің» берік ұстанымын сақтауға ішкі саясат бөлімінің басшысы жауапты дегенді неге айтады жұрт? Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайтын шығар.

Тағы да айтарымыз, Б.Қыстауовқа Шардараны басқару оңайға түспейтіндігі анық-ақ. Осы күнге дейін білгенін істеп келген «сыбайластардың» қатары сөгіле қоймаса, ол жерде атқарушы билік  емес, «кландық» биліктің ауданды бақылауда ұстайтыны хақ.

Ауыл биi неге шырылдайды?

 Шардара қаласына қарасты 14-Бекет елді-мекенінің ауыл биі Б.Рахматуллаев аудан әкімі Б.Қыстауовқа жолдаған өтінішінде мәселенің мән-жайын төмендегіше баяндайды.

«Шардара қаласының 14-Бекет деп аталатын елді-мекенінде екі жүз елуге жуық отбасы бар. Олар ауданның көркейіп, өркендеуіне үлес қосқан кешегі тыңгерлердің ұрпағы. Шағын ауыл «Қызылқұм» мен «Шардара» каналдарының ортасына, қала шетіне орналасқан.Өкінішке қарай, ауылымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мүлдем сын көтермейді»,- дей отырып, төмендегі мәселелерді шешіп беру жөнінде көмек сұрапты.

  1. Елді-мекендегі Амангелді Иманов атындағы жалпы орта мектеп ыңғайластырылған 6 ғимараттан тұрады. Ескі шатыры тозған, қабырғаларынан зәк ұрады. Сынып бөлмелері тарлық етеді. Сынып бөлмелері әлі күнге «буржуйка» пешпен жылытылады.
  2. Елді-мекенде ауыз су да, ағын су да атымен жоқ. Үй жанына піспек орнатып немесе көрінген жерден қолмен тасып, лаждап келеміз. Каналдан су ішіп отырғандар да бар. Бұл түрлі жұқпалы ауру­лардың таралуына әкеледі. Біз де ел қатарлы мемлекетіміздің «Жасыл ел» бағдарламасын қолдап, ауыл ажарын түзеуге үлес қосқымыз келеді, бірақ ешқандай мүмкіндігіміз жоқ.
  3. Ауылдағы жас келіндер мен аналар еңбек етіп, тұрмыстық жағдайын жөндеуіне балабақшаның жоқтығы қолбайлау болып отыр.
  4. Айналдырған екі-ақ көшеден тұратын ауыл жолдары көлік түгілі жаяу адамдар жүруге жарамайды. Алғашқы төселген жылдардан бері жөндеу көрмеген тас жол әбден тозып жарылған, ойылған. Сондықтан, жол апаттары да жиі кездесіп тұрады. Жұрт қараңғы, жарамсыз жолдармен жүруге қорқады.
  5. Қараусыз қалып қойған ескі дүкен мен мекемелердің құрылыстары ауылдың көркін бұзумен бірге, адам өміріне де қауіпті. Әсіресе, ойын балаларының өміріне.
  6. Елдің іші болған соң ауырып-сырқамайтын жан жоқ. Сондайда жедел-жәрдем беретін, жеңіл ем-дом жасайтын шағын медпункттің де қажет екені айдан анық. Оған да назар аударатын жан жоқ.
  7. Ауыл айналасы күл-қоқысқа айналған, жылына бірде-бір рет тазаланбайды. Күл-қоқыс тастайтын орын болғанымен, қоқыс тастайтын жәшік жоқ. Тасталған қоқыс шашылып жатады.

Ауыл биі өздерінің өтініштеріне аудан әкімі Б.Қыстауовтың мұқият көңіл аударып, тиянақты зерттеп, дер кезінде қол ұшын беретініне үміттенеді.

Ауыл биі Б.Рахматуллаевтың бұл өзекті мәселені көтеріп, шағалаша шарқ ұрып жүргеніне екі-үш жылдың жүзі болып қалған көрінеді. Өздерінің өтініштеріне тиісті мекемелерден алған жауаптарын көріп, оны саралағанымызда, баяғыдан жауыр болып келе жатқан жаттанды, құрғақ сөзді шығарып салма сөз тіркестерінің бұзылмай тұрғанына еріксіз тәнті болдық.

Аудан әкімінің орынбасары Б.Әлипов өзінің Б.Рахматуллаевқа жолдаған 12.06.2017жыл № ЖР-Р-169 хатында елді-мекенде медпункт ашу мәселесі бойынша Шардара аудандық емханасы МКК бас дәрігері Ж.Оспановтың шығарған қорытындысы беріліпті. Онда қаладағы «Өтегұл» дәрігерлік емханасы мен «14-Бекеттің» ара қашықтығы 3км- ден аспағандықтан, ауыл емханасының қарауы­на алынып, 1 дәрігер мен 3 медбике бөлініп, ауыл тұрғындарымен жұмыс істейтіндігі айтылыпты. Ал тұрғындар болса, сол медқызметкерлер бұл ауылда күні бойы жүре ме екен деп қынжылады. Енді Шымкентті қойып, Астанаға барсаң да осы жауап алдыңан шығатыны анық.

Кезінде ауыл биі аудан әкімі болған А.Абдуллаевқа да өтініш жасаған көрінеді. Соған орай аудан әкімі орынбасары Т.Байтұрғановтың 13.10.16 ж. №НП-Р-302 хатымен Б.Рахматуллаевқа жіберген жауабында: «…қажетті қаржыны қарастыру жұмыстары жүргізілуде; …қамтамасыз етудің ЖСҚ –сын әзірлеу көзделуде» дегенді сырғытып келіп, «сол ауылдағы көшелерді жөндеу Шардара қаласы әкімдігі жанындағы қауымдастық жалпы жиналысы шешімімен қала әкімі ұсынысы негізінде жүргізіледі» деп орындалмайтын қияндағы қиялды көрсетіп өтіпті.

Ал аудандық мәслихат хатшысы Б.Муталиев болса, ауыл биіне жіберген 02.11.2016 ж. №314 хатында 200 орындық мектеп ғимаратының ЖСҚ–сын дайындауға 14 миллион теңге қаржының бөлінбей жатқандығын хабарлапты.

Қысқасы, ауыл биінің шырылдап айтып жүрген 7 мәселесінің біреуі шешілетіндігі туралы үміт етерлік нақты хабардың жоқтығы баршаға белгілі болып қалды. Сонда да ауыл биі Б.Рахматуллаев қажырлылық көрсетіп, өзінің алған бетінен қайтар емес сияқты. Ендігі бар мәселе аудан әкімі Б.Қыстауовқа қарап қалғандай.

Дайындаған:

Е.ОРАЗОВ.

Шардараның қарабауыр қасқалдағының күйін кешеміз бе?

Аудандық ауруханада қызмет істеп жүргенімде мекеменің бас дәрігері Нөсеровтың қудалауына түсіп, жүмыссыз қалдым. Басшымыз Нөсеров менің қызметтік міндетімді атқару барысында бір кінә қойып көрген емес. Бар айтқаны, бес жыл бұрын «декреттік» демалысқа кеткен Айтбаева жұмысқа қайта оралғысы келетін көрінеді. Бес жыл басқа жақта жүрген адам біреудің жұмыс орнын тартып аламын дегені қаншалықты заңды? Оған жете мән берген бір адам болған жоқ. Біз үшін бір-ақ нәрсе заң, ол- бас дәрігер не қалайды, сол мүлтіксіз орындалуы тиісті.

Мен екі перзенті бар жалғызбасты анамын. Баспанасыз болғандықтан пәтер жалдап тұрамын. Балаларымды асырау үшін қолыма тиген жұмысты атқаруыма тура келді.

Менің арнаулы орта білімді медицина саласының маманы деген «Дипломым» бар. Ауруханада сол сала маманы ретінде қызмет істедім. Жоғары білімді мұғалімдік мамандығым да бар. Кім біздерді мектепке қабылдай қойсын. Мұғалім болу қазір түске де кіре бермейтін арман болып қалған жоқ па?

Тағдыр қиындығы шыдатпай бара жатқан соң, кезінде аудан әкімі болған А.Абдуллаевтың қабылдауына кіріп, жағдайды айтып, жалғызбасты ана ретінде көмек сұрадым.

Мен, А.Абдуллаевты адамдардың тағдырына сергектікпен қарайтын нағыз әкім болатын азамат дер едім. Менің басымдағы жағдайды зерттеткізіп, анықтап шықты да, бас дәрігер Нөсеровке мені жұмысқа орналастыруды табанды түрді талап етті. Заңбұзушылық жасағанын білетін Нөсеров маған жұмыс берді. А.Абдуллаев әкімдік қызметтен кетіп еді, бас дәрігер Нөсеров мені жұмыстан шығарып жіберді.

Енді аудан әкімі Б.Қыстауовтың қа­был­дауына бардым. Оның Нөсеровтен мән-жайды сұрауға дәрмені жетпеді ме, әйтеуір аудандық жұмыспен қамту орталығына барып «тіркеуге» алынуыма «консультация» беріп шығарып салды. Салып ұрып жұмыспен қамту орталығына келсем, оның қызметкері Б.Көшекеева: «Адам толы. Тіркемеймін»,-деп шіренсін. Менің талап қойғанымды жақтырмай, бұрқан-талқан болып ашуланып: «Не әкімді айта бересің. Кім ол? Ол өз-өзіне әкім,бізде жұмысы болмасын», – деп айтқандарын естігенде өз құлағыма өзім сенер-сенбесімді білмей қалдым.

Бұрын-соңды аудан әкіміне қатысты мұндай тұрпайы әңгімені есітпеген едік. Сонда ауданның қызметкерлері әкімді менсінбеуге шыққаны ма? Әлде әкім сырын алдырып қойғаны ма? Аудандағы мынау «атмосфера» кешегі әкім Арманның «таяқ жегенінен» де өткен масқаралық қой деп түсіндім.

Содан бері жарты жылдың жүзі болды, тырс еткен дыбыс естілмейді. Демек, менің аудан әкімі Б.Қыстауовқа сеніп, бір үмітте жүргенім «далбаса» болғаны ма?

Облыс әкімі біздің ауданға келгенде халықпен жүздессе, біз де мұң-зарымызды айтып, шерімізді бір тарқатып қалар едік-ау. Мүмкін халықтың өтініш-тілегінің оң шешім табуына ықпалы да тиіп қалар ма еді?

Гүлжаһан ЖҮЗБАЕВА,

Шардара қаласы тұрғыны.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.