ШАРУАЛАР КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА КІРІСТІ

Биыл мегаполисте 29,8 мың гектар егіс алқабы игеріледі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 500 гектарға артық. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров мәлімдеді.

Егілетін егістіктің ішінде дәнді дақыл 12,4 мың, көкөніс 3 мың, мал азығы 8,9 мың гектарды құрайды. Егістік көлемінің 43,6 пайызын дәнді дақылдар, мал азығы алады. Өйткені оңтүстік өңірде өсірілетін дәнді дақылдар сапасына қарай малдың жеміне жұмсалады.

Ә.Жанбатыровтың айтуынша, бүгінгі таңда 900 гектарға дәнді дақылдар, 700 гектарға жоңышқа егіліп жатыр. Дәнді дақыл тұқымдары «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы» мекемесі тарапынан бөлінуде.

– Биылға 2 мың тонна жанар-жағармай қарастырылды. Мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, қалған мың тоннасы күзгі жиын-терім науқанына бөлінді. Қала бойынша дизель отынын үлестіретін 4 оператор бекітілді. Солярканың 1 литрі 189 теңгеден босатылады. Ол 200 теңгеден жоғары тұратын нарықтағы бағадан арзан, — деді Әбунасыр Шарифуллаұлы.

Спикердің мәлімдеуінше, минералды тыңайтқыштар құнын 40-50 пайызға субсидиялау үшін 122 млн. теңге, тұқым шаруашылығына 20 млн. теңге, пестицидтерге 600 мың теңге субсидия қаражаты бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарын атқаруға қолда бар техниканың 90 пайыздан астамы дайын. Былтыр шаруалар тарапынан жаңадан 10 техника сатып алынған.

«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.