ШЕНЕУНІКТЕР БІЛІМ САЛАСЫН РЕФОРМА ӨТКІЗЕТІН СЫНАҚ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫРДЫ

АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында мұнайдан басқа бренд таппадық. “Неге?” деген сауал жанымызды жегідей жеп, намысымызды қамшылау керек еді. Бұл ретте үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің басына келген тұлғалар түн ұйқыларын төрт бөлуге тиіс болатын. Бізде бәрі керісінше болды. Шенеуніктер білім саласын реформа өткізетін сынақ алаңына айналдырды. Балалардың басы қатты. Мұның зардабы ондаған жылдан кейін су бетіне шығады.

*    *    * 

“Ұлттық намыс, ұлттық рух” деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі? “Ойбай, рух қайда?” деп күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді? Бір бес минутқа рухыңыз “Әй, не болып қалды, бұл не шу?” деп көзін ашар. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек – технократия. Яғни, қазақтың өзгелерге мойындататын, өзінің жасайтын бірдеңесі болуы керек.

Бізде теория жүзінде билік басындағылар жалпы дұрыс әңгіме айтады. Олардың қисық сөзін естіген емеспін. Бірақ практика жүзінде сол әңгімелердің барлығы өңін айналдырып шыға келеді.

*    *    * 

Сөзге, салтқа қатты мән береміз. Мысалы, ақсақал ма, оны төр­ге отырғызу керек, оған бас ұсыну керек. Келін келді ме, сәлем беруі керек. Бәрі дұрыс, бірақ оны абсолютке шығарудың қажеті жоқ. Қазақ тек қана осының төңірегінде қалып қоймауы керек.

“Ойбай, Шыңғыс хан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен” дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып, жетіспегендігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені, бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады.

Ең болмағанда, мына телефонды өзіміз шығаруымыз керек. Өзіміз шығармасақ, баларымыз “Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңдер? “Қобыланды батыр” жыры ғана ма сақтағандарың?” деп күледі.

Қазақ бір мықты теорема дәлелдесе, қазақ бір мықты заң ашса, мінекей, сонда ұлттың аты шығады. Қорыта айтқанда, сіз сөзбен емес, іспен шығаруыңыз керек ұлттың атын. Мұның басқа жолы жоқ.

*    *    * 

Зерттеулер бойынша, Қазақстанда ең парақор екі мамандық бар екен. Ең парақорлары осы мұғалім мен дәрігерлер екен. Енді бұған кім кінәлі? Мұғалім мен дәрігер ме? Жоқ. Менің ойымша мұндай жағдай біздегі саясаттың кемшілігінен қалыптасты. Сөз бен істің арасында берік байланыс жоқ. Яғни, сөз жүзінде дәрігер мен мұғалімге жағдай жасаймыз, барлығы тамаша болады дейді, іш жүзінде оған келтірмейді.

Қазақтың үлгі алуында далақбайлық басым. Бұл дегеніміз, біз тек сыртқы түріне ғана мән береміз. Мысалы, сіз «Мерседес» мәшинесін жасаймын деп шештіңіз. Оның барлық құрылғыларын алдыңыз да, дөңгелегіне келгенде қымбатсындыңыз. Сөйтіп, «Запорожецтің» дөңгелегін сала салдыңыз. Бұдан не шықты? Еңбегіңіз зая кетті. Біздің тірлігіміздің көбі осындай. Шетелден үлгі алам десең, оның жүйесін толығымен ал. Мәселен, мұғалім мәртебесі. Оған жоғары айлық тағайындайық. Тағы да Германияны алсақ, ол жақта ұстаздардың жалақысы жоғары. Олардың сатысы өте жоғары. Ешқандай басшы не қосшы келіп, оған әмірін жүргізе алмайды. Қоғамдық жұмыстарға тарта алмайды. Олай етуге мүлде құқығы жоқ. Ал, бізде мүлдем басқа.

*    *    * 

Мықты елдер: «Сен менің тауарымды сатып ал, міндетің сол. Қалған уақытыңды «Рухани байлық қайда кетті, тілдің халі неге мүшкіл?» деп өткізе бер. Осыны анықтау үшін жиналыс жаса, конференцияларды үзбей өткіз, даулас, таласқа түс, ойбайға сал. Бірақ, біреуің «гайка» бұрама, біреуің компьютер шығарма, көлік құрастыруды үйренбе. Мұның барлығын бізден алсаң болады», — дейді. Өкінішке орай, біздің зиялы қауым осыны түсінбей отыр. Бұл қазаққа өте қауіпті нәрсе.

*    *    * 

«Музыканың төресі – опера» дейді. Неге опера? Адамдарды жинап операға апарсаң, жартысы қашып кетеді. Тыңдай алмайды. Операны түсіну үшін үлкен білім керек.

«Қазақты тұншықтыру» деген ой америкалықтардың түсіне үш ұйықтаса да кірмейді. Өйткені, америкалық арман пен америкалық мәдениет – 10 миллион қазақсыз-ақ әлемдік сұранысқа ие.

Біз «Қалай домбырамен бәрін бағындырамыз» деп ойлаймыз? Домбыра – қазаққа ғана керек, басқа ешкімге керек емес! Бәріне реализм тұрғысынан қараған жөн. Бос мақтанға ұрынғанша, адамзатқа керек бір нәрсе жасалық. Не бәтеңке, не болт, не басқа дүниелер.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.