ШҰҒАЙЫП СЕЗІМХАН ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН АЛАМАН АЙТЫСТЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ
Түркістанда облыстың құрылғанына 4 жыл толуына орай «Түркістан — Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өтті. Қазақтың төл өнеріне деген ыстық ықыласын халықтың көптеп келгенінен байқауға болады. Дүбірлі додаға елімізге танымал 8 айтыскер қатысып, 4 жұпқа бөлінді. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі, белгілі айтыскер, «Жүрсіннің оң қолы» аталып жүрген Шұғайып Сезімхан жыр додасында оза шауып, бас жүлдеге ие болды. Алайда көрермен пікірі екіге бөлінді. Бірі лайық көрді, ал бірі шін жеңімпаз есімі басқа еді….
Қазақ халқы үшін төл өнерімізқашан да ерекше. Бүгінде қаймағы бұзылмаған оңтүстік жұрты да шоқтығы биік болған айтыс өнерін жоғары бағалайды. Оған күні кеше өткен дүбірлі айтыс куә. Айтыс – ежелгі салт-дәстүрдің нағыз қайнар көзі. Өлеңін сүйсіне тыңдап, айтыскерлерге шабыт сыйлайтын көрермен өткен ғасырдың соңына дейін айтыстан біршама қол үзіп қалғаны тарихтан белгілі. Алайда өнердің құдіреті түбінде жарқ етіп, қалың жұртпен қайта қауышты. Бойында ананың ақ сүтімен дарыған суырып салмалық қасиеті бар тұлғаларды ел-жұрт жиындарда асыға күтетін. Соның нәтижесі болар, қазақ айтыс өнерінің жыр күмбезіне өзіндік өрнек, қайталанбас нақыш әкелген өнер дүлдүлдері қаншама.Түркістан облысының өзіндеайтыс көшін Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов,Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, әрі қарай Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Карима Оралова, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова және тағы басқа ақындар жалғай түсті. Ал Тұран төріндегі айтыста бүгінгі аламанның жүйріктері сынға түскен болатын.
Облыстың 4 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақжайық» музыка мектебіндегі «Түркістан — Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өзге айтыстан кем болмады.Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараның шымылдығы «Йасы шаһары» көрініс-қойылымымен ашылып, алғашқы сөз Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаевқа берілді. Ерлан Бақытжанұлы өз сөзінде айтыстың қазақ халқы үшін маңызды екеніне тоқталып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Жыр додасына республикамызға белгілі айтыс өнерінің биігін бағындырған, айтыстың нағыз аңтаңгерлері,атап айтсақ, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков (Түркістан), «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина (БҚО, Орал), «Алтын домбыраның» үш дүркін иегеріМұхтар Ниязов (Қызылорда), белігіл айтыскер Шұғайып Сезімхан (Алматы) менНұрлан Есенқұлов (Шымкент), Мейірбек Сұлтанхан (Нұр-Сұлтан), Нұрзат Қару (Алматы) және Айбек Қалиев (Арқалық)қатысты.
Айтыс мақсатытұғыры биік Тәуелсіздікті жырға қосу, Түрленген, гүлденген Түркістанды кеңінен жырлап, тілге тиек ету,сондай-ақ, жеңісті де, жемісті жұмыстарды жырлап, Ордалы Оңтүстігімізден және Түркістан қаласынан шыққан ұлы тұлғалардың еңбегін тақырыпқа арқау ету болатын.Оның қаншалықты орындалғаны айтыстың әділдігі мен төрелігін танытар қазылар алқасының құрамындағыБақыт Әбжет, Әбілқайыр Сыздықов, Бекмұрат Анарбаевтардың еншісінде болды. Аламан айтыстыосы өңірдің ғана емес, түрлі додаларда өнер көрсетіп жүрген Түркістанның мақтанышы, ұйымдастыру алқасының мүшесі, ақын Тұрар Тілеулиев жүргізіп отырды.
Қыз бен жігіттің, құрдастың айтысына көрермен тәнті болды. Қағытпа қалжыңмен, астарлы ойымен қоғамдағы түйткілді қозғай білген айтыскерлер көптің алғысына бөлініп жатты.Аламан айтыстың алғашқы жұбын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен алматылық ару Нұрзат Қару бастады. Әдемі әзілдермен өрілген қыз бен жігіт айтысы көрермендер көзайымына айналды. Сондай-ақ, айтыстың тарландары түркістандық Бекарыс Шойбеков пен торғайлық Айбек Қалиевтың тартысты айтысы да ешкімді бей-жай қалдырмады. «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Ақжайықтың аруы Жансая Мусина арасындағы айтыс та әдемі әзілдермен өз орындарын тауып жатты. Ал, Нұр-Сұлтаннан келген Мейірбек Сұлтанхан мен алматылық Шұғайып Сезімхан арасындағы айтыс та айтары мол айтыс болды. Қос құрдастың айтысы өз жарасымын тапқандай әсерге бөледі.
Айтыс біткен соң көрермен пікірі екіге бөлінді. Әлеуметтік желі парақшаларында да осы тектес жазбалар жазылып жатты. Соның мән-жайын анықтап, айтыскерлердің ұстазына айналып үлгерген жүйрік ақындардың пікіріне құлақ түрген едік. Қазылар алқасының мүшесі, көпке танымал айтыскер Әбілқайыр Сыздықов жүйрікті таңдау болмағанын атап өтті. «Рухани астанамыз Түркістан төрінде өткен ақындар айтысы халықтың көңілінен шықты. Себебі бұл айтысқа қазақ айтысының айтулы жүйріктері іріктеліп шақырылған. Барлығыда керемет айтыстың өрнегін көрсетті десекте болады. Әсіресе Нұрлан мен Нұрзаттың арасындағы қызбен жігіт айтысы көрерменді бір сілкінтіп тастады. Мұхтар мен Жансаяның, Бекарыс пен Айбектің айтыстары бөлек айтыстар шынында. Сондықтан бүгінгі айтысқа қастысқан ақындардың барлығы үлкен дайындықпен келгенісезіліп-ақ тұрды. Жалпы көңілімізден шыққан керемет айтыс болды. Осындай айтысқа қазылық жасау біздің бақытымызға бұйырды. Сондықтан осындай өнерлі кештер көп бола берсін деген тілегіміз бар. Қазақтың айтысы жасай берсін деген тілегіміз бар.
Жалпы қайсысына берсе де жарасатындай айтыс болды ғой. Барлығының арасындағы айтыстар жақсы шықты. Төрт жұптың төртеуіде жақсы шықты. Бірақ кейде бір ауыз сөздің өзі бүкіл елді дүрліктіріп көтеріп жіберетіндей сәттер болады. Сондай сәт Шұғайыпта болды, сосын Мұхтар Ниязовтыңда бір сөзі «Ат басындай алтыннанхалықтың ықылас ыстық» деген мәнде бір келтіріп өткен өрнектері болды. Ал былай Нұрлан мен Нұрзаттың арасындағы айтыс ең бір керемет, кәдімгі үйлесімін тапқан қыз бен жігіттің айтысындай, жеңіл айтыс қой. Түркістанның тақырыбында да келтіріп жатты жақсы. Жақсы айтыс болды. Жансаяның да шабысы бөлек. Жансаяға берседе жарасып тұр. Жалпы менің өзіме Нұрлан мен Нұрзаттың айтысы өте қатты ұнады.Ал Шұғайып өзінің айтыстағы орны бар жүйрік екенін бұған дейін де көрсетіп жүр. Бүгінгі айтыста да бабында екендігін анық көрсетті. Қай тақырыпқа, қай бағытқа салсада еркін көсіліп жауап беріп отырды. Сондықтан Шұғайып өзінің ой-өрнектерімен сол Мейірбек Сұлтанхан екеуі керемет жақсы шықты. Мейірбектің де сөздері өмірдің алыбындай, кәдімгідей өзгертуге болмайтын сөздерді өрнектеп тұрып келтірді. Сол жағына қарадық.Қазақ айтысының болашағы өте зор деп есептеймін. Қазіргі шығып жатқан кейінгі толқын айтыс ақындарының легі бөлек. Олардың қазіргі айтыстағы өрнектеріде бөлек. Айтыс жалпы даму үстінде десек, қателеспейміз. Сондықтан айтыстың келешегі өте зор» — деді Әбілқайыр Әбілпаттаұлы.
Ал қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Әбжанов аталмыш жыр сайысында жалынды жас ақындарға назардың ерекше болғанын атады. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген даналықты басты назарда ұстағанын жеткізді.
Тартысты өткен жыр додасында әділ-қазылар шешімімен жүлделі орындарды анықталып, Бас жүлде Шұғайып Сезімханға бұйырды. Ал 1-орынды Жансая Мусина иеленсе, 2-орын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Айтыстың қос ақтаңгері – Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиев 3-орын иегері атанды. Қаныбек Сарыбаев атындағы номинация Нұрлан Есенқұловқа, Көпбай Омаров атындағы номинацияМейірбек Сұлтанханға, ал Тәушен Әбуова атындағы номинацияНұрзат Қаруға бұйырды.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік танылғандар арнайы дипломдармен қоса, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.Аламан айтыстың тағы бір қуантарлығы, күннің ыстығына қарамай көрерменің таңертеңннен осы айтысты көремін деп,ағылып келіп жатқаны бізді қатты қуантты. Айтысқа елдің шөлдеп қалғаны көрініп тұрды.
Сөз соңында дүбірлі додада топ жарған Шұғайып Сезімханның мына тілегімен аяқтауды жөн көріп отырмын. «Мынау Түркінің тал бесігі — Түркістан шаһарында аузын айға білеген 8 ақынның қатысыуымен үлкен аламан өтті. Ақындардың осалы жоқ. «Сен тұр мен атайын» деген кілең ақтаңгерлермен кілең«Алтын домбыра» иегерлері. Осы 8 ақынның әрбірі бас жүлдеге лайықты өнер көрсетті деп ойлаймын. Қазылардың шешімімен, халықтың қалауымен бас бәйгені маған байлап, сенім артып жатқан, балапан кезімде қанатымды қатайтып қыран қылған Түркістан халқына алғыстан басқа айтарым жоқ. Өнер мерекесі тарқамасын! Түркінің тал бесігі — Түркістан шаһары жасай берсін» — деді бас жүлде иегері.
Тұрсынай Шаметова