Шымкент: әскери бөлім қорытынды тексеріс тапсырды

Қарулы Күштердің 2022 жылға арналған жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес Шымкент гарнизонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған бригада жеке құрамы жоғарғы басшылық тарапынан құрылған арнайы кешенді комиссияға жауынгерлік дайындық деңгейін бағалау және бөлімшелердің жауынгерлік әзірліктерін тексеру мақсатында ауқымды қорытынды тексеріс тапсырды.

 

Қорытынды тексерістің басты мақсаты – жеке құрамның машығын, взводтардың, роталардың, және батальон басқармаларының нақты деңгейін, бөлімшелердің қысқа мерзімде қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзірліктерін тексеру, сондай-ақ оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау, жауынгерлік даярлық жоспарлары мен бағдарламаларын орындау барысында бөлімшелер мен олардың басқару органдарының жауынгерлік даярлығы мен үйлесімділігінің деңгейін бағалау болып табылады.

Тексеру барысында әрбір әскери қызметші бөлімше құрамында барлық оқу пәндері бойынша, оның ішінде атыс, тактикалық, арнайы дайындық, жауынгерлік машинаны жүргізу, әскери топография, инженерлік, дене және саптық даярлықтан сынақтар тапсырды.

Сондай-ақ, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйі, лауазымды тұлғалардың жауынгерлік дайындыққа басшылық ету жөніндегі жұмысын ұйымдастыру жүйесі, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі тексерілді.

— Іс-шара ауқымды, сапта тұрған сарбаздардан бастап, бөлім басшылығына дейін барлық әскерилерді қамтиды. Әрбір әскери қызметші өзінің 2022 оқу жылында қол жеткізген далалық дағдысы мен білім деңгейін көрсету керек. Сондай-ақ, қорытынды тексеру нәтижесі бойынша әрбір әскери қызметшіге сыныптылық біліктілігі беріледі, — дейді гарнизон бастығы подполковник Дастан Мұхамеджанов.

Оқу пәндері бойынша қорытынды тексеріс әскери бөлімнің «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында және тұрақты орналасу пунктінде өтті. Қорытынды тексеру нәтижелеріне қарай әрбір әскери қызметші жеке-дара бағаланып, әскери бөлімдердің жылдық жауынгерлік деңгейі айқындалды.

 

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.