Шымкент: Мектепке мұғалім боламын деп, ақшасынан айырылды
Төрт жыл бойы жоғарғы оқу орнында білім алып, қолындағы дипломмен математика пәнінен мектепте мұғалім болуды көздеген азаматша алданып, алаяқтық жайтына тап болды. Оқиға Шымкентте орын алған.
2022 жылдың 12-қазанында Абай АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, қаладағы дәріханалардың бірінде кездейсоқ танысқан бейтаныс азаматша «мектепке мұғалімдікке жұмысқа тұрғызып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала 450 000 теңге ақшалай қаражатын алып, алты ай бойы алдап келгенін көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Абай АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің тұрғынын анықтап, тиісті басқармаға жеткізді. Ол Шымкент қаласының 41 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, төрт баланың анасы.
Қазіргі кезде ұсталған азаматшаның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі