Шымкент: Полиция департаментінде Республика күні атап өтілді

25 қазан – Республика күні,  1990 жылы дәл осы күні егемендік туралы Декларация қабылданған.

Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлауға бекінді. Айтулы датаны ел президенті Қ.К.Тоқаевтың өзі қайта жаңғыртты.  Осы ретте, Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы ұлттық мейрамды  зор құрметпен атап өтті.

Салтанатты шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков баяндама жасап, мерекемен құттықтап, Республика күні егемендігіміздің, елдігіміздің жарқын айғағы екенін айтты. Ішкі істер органдары саласында жылдар бойы қызмет етіп, еңбегі сіңген ардагерлер мен қоғамда бүгінгі күннің батырларына айналған тәртіп сақшыларының ерліктерін айрықша айтып, арнайы тоқталды.

Іс-шарада үздік қызметкерлердің аналары арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары табысталды.

Қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізген 15 полиция қызметкері Ішкі істер министрі М.М.Ахметжановтың бұйрығымен марапатталды.

Атап өтер болсақ, ҚР Ішкі істер министрлігінің Грамотасын полиция майорлары Батырхан Нұрғожаұлы мен Ағабек Құлжанов алды. «ІІО-ның үздік қызметі үшін» төс белгісі полиция подполковнигі Жәнібек Тұрлыбаевтың кеудесіне тағылды. Сондай-ақ, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін  полиция майоры Ерлан Айнамқұлов пен полиция капитаны Рамазан Қатбай иеленді. Олар қылмыспен күресу жолында ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізген.

Өз кезегінде, департамент бастығының бұйрығымен 14 қызметкерге Грамота, 13 қызметкерге Алғыс хат, тағы 13 қызметкерге Алғыс жариялап, 9 қызметкердің тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын алынды.  

       Мерекелік жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына  ұласты.

 

Шымкент қаласы Полиция Департаментінің Баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.