Шымкент: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Д.Қожабаев, комиссия мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғам өкілдері қатысты.
Жиын барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Департамент басшысының орынбасары Дәурен Қожабаев еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдамасымен таныстырып, енді мемлекеттік органдарды бағалау сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерін азайту және мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерді жою бойынша шараларға негізделетіндігін атап өтті.
Комиссия барысында жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері қаралды.
Департаментпен өткен жылы 10 мемлекеттік органның қызметіне, оның ішінде әкімдікке қарасты 3 мекемеде (дене шынықтыру және спорт, мәдениет және ауыл шаруашылығы басқармасы) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілген.
«Бір көзден сатып алу, нақты көрсетілмеген қызметтер үшін бюджет қаражатын төлеу, техникалық ерекшеліктерде сандық және сапалық сипаттамалардың болмауы барлық жергілікті атқарушы органдар мекемелерінің жұмысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері деп танылды.
Өзіне сеніп тапсырылған бөлімшелердің мемлекеттік функцияларын іске асыру кезіндегі басшылардың бұлыңғыр жауапкершілігі немесе оның мүлдем болмауы қойылған міндеттердің тиісінше орындалмауына ықпал етеді.
Ағымдағы жылдан бастап Мемлекет басшысы қолданыстағы мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға түзетулерді бекіткенін атап өткен жөн.
Енді тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен сатып алу оларды өзге бәсекелестік тәсілмен жүргізу мүмкін болмаған ерекше жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.
Жаңашылдықтар бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдау үшін тапсырыс берушілердің бірінші басшыларының жауапкершілігін көздейді», — деп хабарлады спикер.
Талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою туралы 100-ден астам ұсынымдар енгізілді.
Спикердің айтуынша, заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Өткен жылы Департаментпен 82 қылмыс тіркелсе, ағымдағы жылдың 2 айында 14 қылмыс тіркелген.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу мәселелері айтылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Жобалық басқарудың негізінде елімізде қолға алынған №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс-қимыл» (ҮББ-4) үлгілік базалық бағытындағы жұмыстарды жандандыру, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.