ШЫМКЕНТТЕ 50 МЕКЕМЕ КВОТА БОЙЫНША МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАЙДЫ

Шымкентте 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімі М.Әйтеновтің қаулысына сәйкес, бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінгі күні 28 жұмыс беруші мекемеге 60 азамат жолданды.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту ісінде «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының үлесі орасан. Орталық мамандары ерекше азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында қызмет көрсетеді.

Құрмантай Тұрысбек «Тең қоғам» орталығы арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың бірі. 21 жастағы жігіт 3-ші топ мүгедегі. Әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен ол қаладағы  №10-шы жалпы орта білім беру мектебіне жұмысшы болып орналасқан.

— Мектеп ауласында гүлдерді суғарып, көгалдандырумен айналысамын. Колледжде ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алғандықтан қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымы да өте ұйымшыл, мейірімді. Жұмысқа орналасуға көмек берген мамандарға алғысымды білдіремін,-дейді Құрмантай Тұрысбек.

«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының қызметкерлері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар, ақпараттық-консультациялық көмектер, құқықтық және психологиялық кеңестер береді.   Инватакси және әлеуметтік такси қызметі бойынша өтінімдерді қабылдайды.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша биыл 1 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Олар әлеуметтік жұмыс орындары, атап айтқанда жастар практикасы, қоғамдық және алғашқы жұмыс орны, «Күміс жас» жобасымен орналасты. Сонымен қатар 737 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданып, 35 азамат жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік грант бойынша комиссияның қорытындысымен оң шешім алған.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.