ШЫМКЕНТТЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА ОҢ ӨСІМ БАР

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2022 жылғы қаңтар-ақпан айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және орта мерзімді кезеңге арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қаралды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров екі айда ел экономикасының өсу қарқыны 3,5 пайызға жеделдегенін атап өтті. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда  инвестициялардың өсу қарқыны 5,7 пайызды құрады. Атап айтқанда, құрылыс, білім беру, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, сауда, жылжымайтын мүлік пен операциялар салаларында өсім бар.
Инвестиция тарту бойынша Қызылорда, Павлодар облысы  және Шымкент қаласында жоғары өсім байқалып отыр. Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 42,8 пайызға артқан. Шаһарда бес негізгі макрокөрсеткіш бойынша оң өсім бар.
ҚР Премьер-Министрі қазіргі күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету аса маңызды міндет екенін айтты. Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құруды барынша күшейту қажет.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарының жобасы талқыланды. Ауыл шаруашылық министрі Е.Қарашөкеевтың айтуынша, аталған жоспар 3 негізгі бөлімнен, 31 іс-шарадан тұрады.
Қазіргі таңда елімізде азық-түлік қоры жеткілікті. Тұрақтандыру қорларында 90 мың тоннадай қант бар. Азық-түлік тауарлар қосымша өндірілуде.
Үкімет басшысы бірінші кезекте еліміз негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілгенін, ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.