Шымкенттегі «Оқушылар сарайында» қала әкімдігінің ұйымдастыруымен бос лауазымдар жәрмеңкесі өтті.
Аталған іс-шараны персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы М.Акишев ашып, осындай іс-шаралардағы басты мақсат – бір жағынан талантты адамдарды, екінші жағынан беделді жұмысты табу екендігін ерекше атап өтті.
Жәрмеңкеге келгендердің қатарында жоғарғы оқу орындарын биыл тәмамдаған түлектер көп. Басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің «Б» корпусына қызығушылық танытты. Енді талапкерлер алдағы мемлекеттік тестілеуден — Ата заңымыздан қойылатын сұрау-сынақтан сүрінбесе, діттеген қызметіне жайғаспақ. Ал осы жолғы «Бос лауазымдар» жәрмеңкесінде жерлестеріміз үшін барлығы 16 жұмыс орны ұсынылды.
Сондай-ақ қаладағы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар тізімі жәрмеңкеге қатысушылардың назарына ұсынылды. Сонымен қатар қала тұрғындарына мемлекеттік қызметке түсу тәртібі түсіндіріліп, жәрмеңке барысында мемлекеттік қызметке орналасу тетіктері мен мемлекеттік қызмет саласындағы құқықтық актілермен таныстырылды.