Шымкентте мешітте телефон ұрлаумен айналысып келген 25 жастағы азамат ұсталды

Полиция департаментінің қызметкерлері ұялы телефон ұрлығын әдетке айналдырған азаматты ұстап, қамауға алды.

Әл-Фараби АПБ-на жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, бөгде азаматтың мешітте ілулі тұрған күртешесінің қалтасынан құны 140 000 теңге тұратын «Redmi Not 11» ұялы телефонын ұрлап кеткенін жазып көрсеткен.

Аталған жайт ҚК-тің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүзеге асырды. Бейнебақылау камералары жіті назарға алынды. Нәтижесінде, күдікті азамат анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Ол 25 жастағы жұмыссыз қала тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған азамат мешітте киім ілгіште ілініп тұрған күртешелердің қалтасындағы ұялы телефондарды ұрлауды кәсіп етіп келген. Қазірдің өзінде оның ұялы телефон ұрлығының 4 жайтына қатысы бары анықталды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторында.

 

Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.