Шымкентте Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті

Қасық қаны қалғанша жауға тойтарыс беріп, елі үшін жанын қиған батырлар мен қаһармандардың арқасында тәуелсіздік пен бейбітшілікке қол жеткіздік. Арайлап атқан әр таң мен тыныш күніміздің кепіліне айналған Отан қорғаушылардың халық алдындағы еңбегі ерен. Бүгін де сұрапыл соғыстың аяқталып, Жеңіс туының тігілгеніне 77 жыл толды.

Осы тұста, айтулы қос мерекенің құрметіне Шымкент қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Жиынға, Тыл ардагерлері мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің туыстары қатысты.

Мемлекеттік Әнұран мен Көк туымызды  ортаға әкелу рәсімінен басталған іс-шарада, ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың мерекелік бейне құттықтауы көрсетілді.

Сондай-ақ , полиция департаментінің бастығы Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбековке сөз беріліп, тыл ардагерлері мен майдангерлердің туыстарына гүл шоқтары және алғыс хаттары табысталды.

Өз кезегінде  генерал:  « Бұл, ата-бабаларымыздың  келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін күрескен, жанқияр ерлігінің арқасында келген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі де – осы мерекенің жемісі. Сондықтан аманат етіп қалдырған кең-байтақ жерімізді қорғау, оны көркейту – бәрімізге ортақ парыз!»,-деді.

Сонымен қатар салтанатты шара аясында,  адал қызмет атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін, ҚР ІІМ тарапынан 17 қызметкерге түрлі дәрежедегі марапаттар ұсынылды. Оның ішінде «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі полиция подполковнигі Асқар Болатұлы мен полиция майоры Жеңіс Исаұлына берілді. Бұдан өзге 56 тәртіп сақшысына алғыс жарияланды.

Мерекенің соңы талантты полицейлер мен қалалық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызмет

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.