ШЫМКЕНТТЕ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ КӨП

Шымкентті біреулер Шымқала дейді, енді біреулер «зың» қала дейді. Тағы біреулер Теміркентке теңеді. Ал «зың қала»… кешегі қаласындағы ел-жұрт барын ұмытып, қиял қуған «красавчик» әкімнен қалған теңеу. Теміркент деген де негізсіз емес, қала ішінде кейінгі кезде жасыл-желектен гөрі қабырғалары қаусаған темір-терсектің көзге көбірек шалынатыны шығар.

 САУРАНБАЕВ СЕРГЕК ҚАРАСА ЕКЕН

Әр әкім ауысқан сайын қадамына құттылық тілеп, жолына үмітпен қарайтын қарапайым халықтың сенімі де семіп, сабыры да сарқылуға айналғандай. Өйткені мәселе шешеді-ау деген қала «мэрінің» бірі белесебет теуіп, селфилетуден арыға аса алмаса, енді бірі тәп-тәуір аялдамаларды ауыстырып, бүп-бүтін тұрған плиталарды бұзып, миллиондаған бюджет қаржысына «тротуарларды» мраморлаумен болды.

Ал еліміздегі үшінші қала мәртебесінен үмітті Шымкенттің кейбір тұрғындары әлі күнге дейін арбамен су тасып, толарсақтан лай кешіп жүргені жасырын емес. Кейбір көшелерге көлік кіру мүмкін болмағандықтан, тұрғындар автокөліктерін трассаның бойына тізіп қойып, өздері аяқтарына целлофан пакет киіп, үйлеріне барып жүр. Таңалакеуімнен тұрып, балшық кешіп мектепке баратын да тек «Ынтымақ-2» шағынауданының кішкентай балақайлары ғана емес.

КАДРДАН ҚАДІР КЕТІП ТҰРҒАНДА…

Шымкентте де қала тізгінін Қ.Молдасейітовтен кейін ұстағандардың әкімдіктің бет-бейнесін быт-шыт қып жібергенін екінің-бірі айта алатын болса керек. Әсіресе, миллионнан астам халқы бар қаланы басқарудың қыр-сырын түсінудің орнына, өзін бар мемлекеттің дара туған «данышпанындай» сезінген «красавчик» әкімнің жасаған «кашасы» ел-жұртты түңілдіріп жіберген жоқ па? Өрелі де ойлы, іскер де сауатты шымкенттік жігіттердің «қолына су құя алмайтындарды» басшылық қыз­метке жинағанына не күлерімізді, не жыларымызды білмей қалған жоқпыз ба? Қазір қаланың №1 үйінде кімдер қызмет атқармайды? Әйгілі Шымкенттің сонша төмендегеніне сенер-сенбесіңді білмейсің. Қайда кешегі кісілікті, көшелі, қалың көптің ортасында қасқайып жүретін азама­ттар. Қаланың жаңа әкімі Н.Сауранбаевқа шымкенттіктер өте үлкен үмітпен қарап, еліміздің үшінші қаласының тынысына соны серпін, тың құлшыныс келердей көреді.

ТҰРҒЫНДАР ТАҒЫ ДА ТЕЛЕАРНА ШАҚЫРУҒА БАРДЫ

Өзекті мәселелері қордаланған Абай ауданының тұрғындары жуырда ғана БАҚ өкілдеріне арызданып, өздерінің мұң-мұқтаждарымен бөлісті. «Ауызсудың жырын айтып келе жатқанымызға бес-алты жыл болды. Әзірге аптасына бір рет тасымалдап әкелетін суды тұтынып отырмыз. Оның өзі өлшеулі, әр үйге төрт жүз литрден артық бермейді. Тіршілік көзін тасымалдап тұтыну қай жағынан алғанда да қолайсыз. Бір үйлі жан аптасына бір рет берілетін 400 литр суды барынша үнемдеуге тырысады. Екіншіден, бұл мемлекетке де қып-қызыл шығын. Осы күнге дейін жұмсалған қаржыға ендігі жерде су құбырын тартып алуға да болар еді. Оған Абай аудан әкімі Татыбаевтың басы ауырмайтыны Құдайға да, адамға да аян болып қалған жоқ па?» – дейді ашынған жұртшылық.

ШАЛА ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЗАРДАБЫ ЖЕТЕРЛІК

«Қазаншының қайдан құлақ шығратынына» жүдә шаруамыз да болмай-ақ қойсын десек те, әр нәрсенің жөні мен жобасы болады емес пе? Мәселен, газ құбырын жер астымен жүргізуінің жайына қараңызшы. Өзін Бегалы Бұхарбаев деп таныстырған жігіт ағасы магистральді жол мен тұрғын үйлер арасында стандартқа сай жер қалдырылмағандықтан газ құбырын жыланның ізіндей ирелеңдетіп, үйлердің ауласын аралап тартып жатқанын жеткізді.

«Үйдің ауласын қазып, құбырды солай тартуға мәжбүр болдық. Біріншіден, газ дегеніміз ойыншық емес, кез-келген жерге көме салатын. Ертеңгі күні жер астындағы құбырдан ақау шығып, жарылатын болса мына үйдің күл-талқаны шығады емес пе?

«Шымкентшелеудің»  жұмыстарын сөз еткенде, қала орталығындағы жаңадан орнатылып жатқан бағандардың жайын айтпай кетуге болмайды. А.Байтұрсынов пен Т.Рысқұлов көше­лерінің қиылысына таяуда темір баған орнатылды. Көшені жарықтандыру үшін қойылған баған­ның қасынан өтсеңіз қорқасыз, себебі 5-6 метрлік темір «столбаның» табаны жерге тимей, төрт қазыққа ілініп тұр. Оның өзі түгел қысылмаған, біреуіне бұранда жетпей қалғандай басын қайырып қоя салған. Мұндай шала жұмыстарды қаланың кез-келген көшесінен көресіз.

БАҒДАРШАМ ҮШІН БАЙБАЛАМ

Бағдаршам орнату үшін қала әкімінен бастап, бөлім басшыларына, жергілікті мәслихат депутаттарына өтініш хат жазылды. Онысы газетке де шықты, телеарнадан да көрсетілді. Бірақ құзырлы органдардан келетін хаттың жауабы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Қаржы көздерін қарастыруымыз керек». Ешқайсысы да мәселенің негізсіз екенін айтпайды, тек қаржы жағы жеткіліксіз екенін алдыға тартады. Сонда бір бағдаршам орната алмайтындай біздің қаланың бюджеті соншалықты бейшара болғаны ма?

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ЖЫРЫ «ҚОЮЛАНЫП» КЕТТІ

Қаланың аты аңызға айналған әкімі Ғ.Әбдірахымовтың әкімдіктің қызметкерлерін жаяу қалдырып, қоғамдық көлікпен жүруге мәжбүр­леген масқаралығы естен шыға қоя ма? «Не шықса да Шымкенттен шығадыны» әкімнің өзі жасап, оңтүстікті жерге қаратқанына бетіміз «былқ» етпеді ә! Бөлім жұмысының беталдылыққа кеткені сонша, Елбасы айтқандай өзін «Как бог, как царь» деңгейіне есептеген маманы «Мен не айтамын, сол болады. Менің айтқаным ғана болады» деп, алдына келген тұрғындарды қорлағандай еткен жоқ па? Әкімдіктің абыройын ойлайтын басшы кадрдың жоқтығынан бір «замаким» бөлім басшысымен бірге газетке мақала жазған тұрғындарды шақырып алып: «Ал, газетке жазып не істей алдыңдар? Газет кімге керек, тағы жаза беріңдер» деп, дөң-айбат жасаған жердегі сала жұмысы жөнделеді дегенге кім сенеді?

Республиканың  «аузын ашқызып» қойған проблеманы шешуге әлемдік озат іс-тәжірибенің де, «красавчиктің» фантазиясының да керегі жоқ. Тек бөлім жұмыс істесе болды. Бірақ, «майлы жіліктің» басын ұстап отырған бөлімге «қырқа-қырқа» сөйлеудің оңай еместігін мына жақтағы қалың ел көріп-ақ отыр ғой. «Күлшелі бала – сүйкімдінің» қадірін білетін «шымкентшелеу» үрдісі қанша жерден мықты әкім болса да, өздерінің «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» қылып айтатын «Қатырамызымен» жабуды жаба тоқытқызбайтындығына кім кепіл? Уақыт төреші, күтіп те көрейік.

 

                                                                                                                                           Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Фото интернеттен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.