Шымкенттік полицейлер базардан киім-кешек ұрлаған азаматшаны ұстады
Абай ауданы Полиция басқармасының «102» арнасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, өзінің базардағы дүңгіршегіне киім сатып алу кейпінде келген белгісіз біреу сатылымда тұрған киім-кешектерін жасырын түрде жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 11 000 теңгені құрады.
Хабарды алған Абай АПБ учаскелік полиция инспекторлары шұғыл әрекет етіп, оқиға орнына жедел жетті. Арыз иесінен және көрген-білгендерден жауаптар алды. Базардың аумағын жіті қарап, бейнебақылау жүйелерін мұқият тексерді. Сақшылар киім-кешек ұрлаған азаматшаны ұстау мақсатында қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, полицейлер ұрлық жасаған азаматшаны арада 4 сағат өткенде базар аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол 45 жастағы Түркістан облысының тұрғыны болып шықты.
Шымкенттік полицейлер тергеу барысында азаматшаның бұдан өзге үш тұрғынның сатылымдағы киімдерін жасырын түрде қолды еткенін анықтады. Яғни, ұсталған азаматша дүңгіршекте адамдардың көптігін пайдаланған, содан жасырын түрде киімдерді сөмкесіне салып ұрлап отырған. Бұл ретте сатушылар полицияның көмегіне жүгінген. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Өз кезегінде, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарына жеке мүліктеріне аса сақ болуға шақырады.
Егер, Сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.