Шындық қын түбінде жатпайды, сот төрелігі әділінен айтылса
Бес жыл бойы қылмыстық қудалауға салып, кінәсіз азамат А.Бәкіровты қылмыстық жауаптылыққа тартып, заңсыз ұстап, үйқамақ бұлтартпау шарасын қолданып, оны сотқа беріп, сарсаңға салғандардың да келеңсіз тірліктеріне жауап беретін күндері де жақындаған сияқты. Оған дәлел деп Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 16.04.2019 жылғы №1-4/19 іс бойынша шығарған үкімін айтуға болар еді.
А.Бәкіров саналы ғұмырында еліміздің түзеу мекемесінде қызмет атқарумен келе жатқан білікті маман, талапшыл басшы ретінде танылды. Жастайынан тағдыр қиындығынан қайнап өскен ол шындық пен әділдікті өмір ұстанымы етіп қалыптасады. «Шымкентшелеудің» соқпағына түсе алмаған оның қызметтік өсу баспалдақтары кібіртіктей берген соң, өзін қызметке шақырған Батыс өңіріне ауысып кетеді. Қатардағы көп қызметкердің бірі болып жұмысын бастаған ол, аз уақытта-ақ іскерлігімен танылып, жауапты қызметтерге жіберіледі. Кейін оған зор сенім көрсетіліп, кереғар ағымдағылардың түрмеден қашу фактісі орын алған түзеу мекемесіне басшы қызметіне жіберіледі. Беталдылыққа кеткен мекемені ретке келтіру оңай болмаса да, өзінің қызметтік міндетіне асқан жауапкершілікпен қарауды ұстанатын А. Бәкіров жанқиярлықпен адал қызмет ете отырып, абырой биіктерінен көріне біледі. Оның басшылық қызметіндегі озық іс-тәжірибесі республика аумағында айтыла бастайды.
Оңтүстік өздерінің еңбегімен танылған төл перзенттерін туған жеріне келіп қызмет істеуге шақырып, оны сол кезде бей-берекет тірлігімен белгілі болған ИЧ-167/3 түзеу мекемесінің тыныс-тіршілігін ретке келтіру үшін, 2012 жылғы күзде осы түзеу мекемесіне басшы етіп жібереді. Ол 2014 жылдың наурыз айына дейін 1,5 жыл ғана басшылық қызметте болған кезінің өзінде мекеме жұмысын реттей білгендіктен, ОҚО бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Арада 5 ай өткенде ҚР ҰҚК қызметкерлері ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан бір топ сотталушылардың трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа қатысы анықталып, олардың осы түзеу мекемесінде құмар ойындарын ұйымдастырып, ойыннан түскен қаржыны «заңды ұрыға» жібергені анықтала бастағаннан А.Бәкіров дәйекті дәлелдерсіз қылмыстық қудалауға алынады.
Ал, 2015 жылғы сот үкімімен К.Қ, М.Ә, А.З, А.Ж, М.С және Н.М. трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа қатысқаны, қаржыландырғаны, қатысушы ретінде қаржы жинап, сақтап, бөліп, қаржыландыру арналарын әзірлегені және ұйымдасқан топ болып заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі болып табылып, әр түрлі мерзімдерге сотталады.
Бұлар 2013 ж. қыркүйек – 2014ж. тамыз айы аралығында құмар ойынға 8485524 теңге жинаған болса, 2014 жылғы 11 маусымда 6 миллион теңгені трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың басшысы көмекшісінің атына аударып жібереді.
Сотта анықталғандай, сотталған М.Қ. трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың басшысымен ұялы телефон арқылы байланысқа 10 маусым 2014 жылы шыққан, оған 6 000 000 теңгені 11 маусым 2014 жылы жолдаған, ал А.Бәкіров сол кезде ИЧ-167/3 мекемесінде жұмыс атқармаған, М.Қ. бұл ақшаны өзіне немесе «заңдағы ұрыларға» жарататынын білмеген. Яғни оның бұл қылмысқа қатыстылығы дәлелденбегендіктен, ол ақтауға жатады.
Бірақ сот тергеуінің барысында сотталушылар К.Қ, М.Ә, А.З, А.Ж, М.С және Н.М тарапынан жасалған қылмыстарға А.Бәкіровтың қатыстылығы анықталмайды. Сотталушылар өздерінің көрсетулерінде А.Бәкіровтың атын атамаған да . Енді сотталушылардың көрсетулерінен кейін бөлектетілген материалдарға сәйкес тіркелген қылмыстық іс бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы А.Т. тергеу жүргізіп, түзеу мекемесінің қызметкерлері – С.А, М.Қ, Ж.Қ, А.Т. және А.Б-ны қылмыстық жауаптылыққа тартады. Енді осылардың әрекеттеріне қатысы бар деген күдікпен мекеме бастығы А.Бәкіровке қатысты материалдарды тағы да бөлектейді. Сотқа берілген С.А, М.Қ, Ж.Қ, А.Т. және А.Б. 2016 жылғы сот үкімдерімен кінәлі болып табылып, әр түрлі жазаларға тартылады.
Сот үкімімен М.Қ, М.Ә, А.Ж, М.С. ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған. Қазіргі таңда жазаларын қысқарту үшін, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа барып, А.Бәкіров пен басқаларға қарсы жауап беріп жатыр. Алайда, соттың пікірі бойынша олардың кейбір жауаптары шындыққа жанаспайды. Аталған сотталғандардың жеке істерімен және жедел бақылау істерімен танысу барысында, олар түзеу мекемелерінде бірнеше рет тәртіпті бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған, өз-өздеріне дене жарақатын салуға бейімді ретінде тіркелген, қасақана тәртіпті бұзушы ретінде танылған және дәрежесі 3-теріс деп айқындалған.
Олар 2013 жылы WEB порталында жарияланған тендер арқылы «MegaStroy House 2» ЖШС-і арқылы алынған 10 дана теледидар жоқ болып кетіп, оның орнына «заңды ұры» жинаған ақшаға 11 теледидар сатып ала қою сияқты қылмысқа араласқан. Осыған байланысты 13.06.2016 жылы өткен Абай аудандық сот отырысында мекеменің тылмен қамтамасыз ету қызметі басшысы А.Б. бұл тірліктерге мекеме басшысы А.Бәкіровтың ешқандай қатысы жоғын көрсетіп, дәйекті дәлелдер келтірген. Сондай-ақ, осы сотта А.Т. бұл былыққа А.Бәкіров ешқандай қатысы болмағанын көрсетіп өткен.
Сотта сұралған 13.06.2016 жылы Абай аудандық сотының үкімімен сотталған А.Б. өз жауабында осы теледидар бойынша іс қозғалып, ол ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағымен жауаптылыққа тартылып, іс сотқа өткенін, алайда сотта ол прокурормен процестік келісімге келіп, прокурор айыпты 371-бабының 1-бөлігіне өзгертіп, ол жауаптылықтан босатылғанын, негізі оның және А.Бәкіровтің бұл қылмысқа еш қатысы жоқтығын көрсетті.
Осы жәйттер бойынша мекеменің бас есепшісі Ж.К-ға қатысты ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен айып тағылған, бірақ ол шынайы өкінуіне байланысты, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Аталған қаулыда және Ж.К жауабында да А.Бәкіровтің бұл қылмысқа қатыстылығы туралы айтылмаған (15-бума іс.б. 1699-170).
Осы сотта бұлар атыс сабағында жоғалған, яғни Макаров тапаншасына арналған 510 дана оқ дәрінің ұрлануына А.Бәкіровтың қатысы жоқтығына да заңдық тұрғыдан нақты дәлелдерді ұсынған. Инспектор С.Б. атыс сабағында орын алған қылмысқа М.Қ. тікелей кінәлі екендігіне айғақты дәлелдер келтірген. Атыс сабағының ұйымдастырылуына жауапты басшының саяси тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ж. жауапты болса, сабаққа тікелей жауапты М.Қ. болған. Өйткені, ол оқ дәріні есептен шығару үшін толтырылған актіні негізіне алып, оны үйіне тасып алғаны үшін тиісті жазасын алады.
Бірақ, сот отырысында сотталушылар С.А, М.Қ, Ж.Қ, А.Т. және А.Б жасалған қылмыстарға түзеу мекемесінің бастығы А.Бәкіровтың қатыстылығы анықталмайды.
Осы бөлектетілген материалдарға сәйкес тіркелген қылмыстық іс бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы А.Т. тергеу жүргізіп, А.Бәкіровты күдікті деп тануға дәлелдің жеткіліксіз болуына байланысты 06.10.2016 жылы қылмыстық қудалауды қысқартады.
Онымен шектелмей, бөлім бастығы А.Т. істің тергеуін бірнеше мәрте қайтадан жандандырып, қосымша тергеу және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу арқылы А.Бәкіровтың қылмыстарға қатыстылығын тексереді, оны әшкерелейтін дәлелдемелер жинау үшін барлық мүмкіндіктерді қолданады, бірақ олардың болуы дәлелденбегендіктен, «қылмыстық жауапқа тартатын адам анықталмады» деген негізбен, істің тергеуін қайта-қайта үзеді және 2018 жылға дейін созбалаңға салып отырады. Қосымша дәледер анықталмаса да, 05.01.2018 жылы бөлім бастығы А.Т. процестік прокурор Н.С-ға өтініш жазып, А.Бәкіровке қатысты қылмыстық қудалауды қысқарту туралы қаулыны бұзып беруді сұранады.
05.01.2018 жылы процестік прокурор Н.С. негіз болмаса да, қылмыстық қудалауды А.Бәкіровке қатысты қысқарту туралы қаулыны бұзып, қосымша тергеу жүргізу үшін істі өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолдайды.
Қылмыстық істі өндірісіне қабылдап, қосымша тергеу жүргізген өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Б.С. Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары М.С-ның бекітуімен кінәсіз А.Бәкіровке қатысты «күдікті деп тану, әрекетін аса ауыр қылмыстар бойынша саралау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану» туралы қаулылар қабылдап, істі айыптау актісімен прокурорға жолдайды.
Мұндай процестік шешімдерді қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдары ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырылған К.Қ, М.Ә, А.Ж, және М.С. жазаларын қысқарту мақсатын көздеп, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа барып, ИЧ-167/3 мекемесінің бастығы А.Бәкіровке қарсы берген жауаптарын ғана негізге алады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде А.Бәкіровты әшкерелейтін мән-жайлардың анықталмағынын ескермейді.
Әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты А.Бәкіровке қатысты қылмыстық істі қысқарту туралы қорғаушы тараптың өтінішхаты тергеуші Б.С. қаулысымен қанағаттандырусыз қалдырылады.
Ал, тергеуші Б.С-ның заңсыз қаулысына жазылған шағым қадағалаушы прокурормен қараусыз қалдырылады және кінәсіз А.Бәкіров прокурордың қаулысымен заңсыз сотқа беріледі. 16.04.2019 жылғы Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен А.Бәкіров қылмыстық қудалау органдарымен тағылған ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша, оның ішінде «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құрды, оларға басшылық етті және қатысты, қызметтік өкілеттігін өзі және басқа адамдар үшін пайда мен артықшылық алу мақсатында, қылмыстық қауымдастықтың мүддесіне, қызмет мүдделеріне кереғар пайдаланды, мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам бола тұра, алаяқтық жасады, мекемеде оқ-дәрілердің жымқырылуына жол беріп, салақтық жасады, мекемеде сотталушылар арасында заңсыз ойындардан түскен қаражат ұтысынан 5000 АҚШ долларды Т.Н-дан алып, қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды» деген айыптарды мұқият та, тиянақты зерделеген сот Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 387-390, 393, 395-398, 401-402-баптарын басшылыққа алып, сот
ҮКІМ ЕТТІ:
Бәкіров Айтжан Бакрамұлы ҚК-нің (1997 жылғы редакциясындағы) 316-бабының 2-бөлігінде қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты, кінәсіз деп танылып, ақталсын.
Бәкіров Айтжан Бакрамұлы ҚК-нің (1997 жылғы редакциясындағы) 28-бабы 5-бөлігі -235-1-бабының 4-бөлігінде, 28-бабы 5-бөлігі -235- 2-бабының 3-бөлігінде, 28-бабы 5-бөлігі -235-4-бабының 3-бөлігінде, 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағында және 308-бабының 4-бөлігінің «в» тармағында қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбегендіктен, кінәсіз деп танылып, ақталсын.
Бәкіров Айтжан Бакрамұлы ҚК-нің (2014 жылғы редакциясындағы) 361-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, осы Кодекстің 71-бабының 1-бөлігінің 2-тармағының негізінде, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты, қылмыстық жауаптылықтан босатылсын, оған қатысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылсын.
А.Бәкіровке қолданылған «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгеннен кейін – бұзылсын.
Үкім заңды күшіне енген соң Шымкент қаласы ІІД-нің айғақты заттар сақтау қоймасында сақтауда тұрған: 12 дана «Vestel» маркалы теледидарлар ИЧ-167/3 мекемесіне қайтарылсын. 20 дана DVD дискі іспен бірге сақталсын.
Процестік әрекеттер жүргізу және процестік шешімдерді қабылдау кезінде жол берілген заңсыздықтар бойынша А.Т-ға қатысты сотпен 16.04.2019 жылы жеке қаулы қабылданды, ол бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде, А.Т-ның да ішкі тірліктеріне жауап беруі керек шығар. Заң талаптарына сәйкес, егер айыптау сот отырысында қолдау таппаса, прокурор айыптаудан бас тартуға міндетті, бірақ сотқа қатысқан прокурор Б.А. не себепті екенін қайдам, бұл құқықтарын да пайдалана алмады. Сот отырысында, сотқа қатысқан прокукор Б.А. 2013-2014 жылдар аралығында ИЧ-167/3 мекемесінде қадағалаушы прокурор болғаны және онымен «Жазаны орындауда, арнайы мекемелерде адамдардың ұсталуына және бас бостандығынан айыру орындарынан босағандарды бақылауда заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру» жөніндегі нұсқаулықтың талаптарын орындамағаны да анықталады. Қылмыстық қудалау органдары әділдіктің әр кезде үстем болатынын және әділ сот төрелігі шындықты қын түбінде қалдырмайтынын білгендері жөн.
О.ЖЫЛҚЫАЙДАРОВ.