Сорпасы сорғалаған сорақылыққа не дейсiз?
Ордабасы ауданының Темірлан ауылындағы аудандық аурухананың терапия бөлімінің кіші техникалық қызметкері (санитарка) газет редакциясынан қорған іздегендей болып келіпті.
Аурухана санитаркаларының күні бойы тыным таппас тірлігі түнге қарай көбейіп, тазалау, желдету, залалсыздандыруға дейін жалғасып жатады. Осы тірлігімен жүрген санитарка Ж.Мирзамсейтова емделуші Х-ның далаға шығып кеткенін қайдан байқасын? Оның үстіне ол бөлмеге кіретін есікке кезекші де емес. Ал 100 гр. жұтуға бейімдеу Х.сыртқа шығып, «құлқынына» құярын құйып алған соң, соның қызуымен күзетшінің қасында дабырлап тұрып алады. Түнгі кезекте жүрген бір-екі полиция түнді басына көтеріп «данышпан» болып тұрған Х-ны терапия бөліміне апарады.
Өздерінің «ерліктерін» жарнама жасағысы келген тәртіп сақшылары қарауылдың қасында тұрған Х-ны Амангелді ауылынан алып келдік деп, аурухананың ішіне «от қойып» кетеді. Ал, терапия бөлімінің меңгерушісі Х. жататын палатаны тазалаушы санитарка Ж.Мирзамсейтованы осы «ЧП»-ның басты кінәлісі етіп аурухананың бас дәрігері Сайфулла Мусаевқа жеткізген соң, өзін бетінен жел еспейтіндей сезінетін бас дәрігер санитарканы жұмыстан қуып жібереді. Егер бас дәрігер С.Мусаев еңбек тәртібін қараған кәсіподақ ұйымы жиналысына Ж.Мирзамсейтованы шақырып, қатыстырған болса мейлі ғой. «Сыйынарымнан сүйенерім күшті» деген біреу ме, С.Мусаев еңбек адамын «пешка» орнына көрмейтінін бір дәлелдеп қойған сияқты.
Бес баланың анасы, тіршілігін еңбекпен өрнектеп, зейнеткерлікке шығуына санаулы ғана уақыт қалған Ж.Мирзамсейтованың тағдырына сергектікпен қарамаған бас дәрігер С.Мусаевтың қолтығына бір жел беріп тұрған «күштің» бары сезілетіндей сияқты ма, өзі? Болмаса, басшыға лайықсыз қарабайыр қателікке барып, адам құқығын, ел заңнамаларын белден басып, бүйрегіне біз тағуға дейін барғанын қалай түсінуге болады?
Ордабасы ауданы жұртшылығына ілтипаты бөлек газет редакциясы осы даулы мәселені өздері шешіп алуын аудан басшылығына жолдады. Газеттің бас редакторы аудан әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұловпен байланысқа шығып, мән-жайды жеткізді.
Нағыз мемлекетшіл жан екенін нақты істе көрсеткен әкім орынбасары Аңсарбек Советұлы келесі күні редакцияға Ж.Мирзамсейтованың өз жұмысына қайта орналастырылғанын хабарлады. Ал, түстен кейін кейін ұлы хабарласып, анасының қайта жұмысқа орналасқанына отбасы қуанып қалғанын ризашылықпен жеткізген болатын. Біз олардың отбасына бар алғыстарын аудан әкімінің жаңа орынбасары, қазақтың ойлы да, қайсар перзентінің бірі Аңсарбек Әбдіқұловқа жеткізуге тиісті екенін ескерттік. Ең бастысы, көп балалы ананың жүзі жадырады.
Ал, облыстың денсаулық саласының білгіріне саналатын М.Егізбаевтың С.Мусаевтай қарадүрсін басшыны «командасына» қабылданғанына сенер-сенбесімізді білмедік. Аудан әкімінен кейін елдің көз алдындағы адам: білім бөлімі мен денсаулық сақтау бөлімінің басшысы. Демек, онда таңдаулылар қызмет істеуі керек. Ауданның 2000-ға жуық ақ халаттысы өздерінің «Ордабасы оттарын» оқымағанның өзінде, «Қазпочта» АҚ аудандық ПБТ жүздеген мың теңгеге қарыз болып, ырың-жырыңмен жүргендерін түсіну де қиын. Алдағы уақытта осы бір ірі мекеме тынысына оралуға да тура келетіндей болып тұр.
Ә.Мұратбеков
«Қазақстан жолы» газеті, №43 (688) , 24. 11.2018 жыл.