Спартакиада жеңімпаздары марапатталды

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкент Республикалық Жас Ұлан мектебінің саптық алаңында жас патриоттардың бірінші қысқы спартакиадасының жеңімпаздары марапатталды.

Мектеп бастығы полковник Ғазиз Төлеушев құттықтау сөзінде жасөспірімдердің дене шынықтыру дайындығының маңыздылығын атап өтті.

— Спортпен шұғылдану және жақсы дене шынықтыру Қарулы Күштер қатарында болашақ қызметінде пайдалы болады. Жеңіске жету жолында бірқатар қиын сынақтардан өтіп, көптеген дағдыларды көрсету керек болды. Біздің ұландар мұны керемет орындады, — деді мектеп бастығы.

Әскери мектептің тәрбиеленушісі ұлан Асыланбек Ернұр жарысқа қатысып, үздік нәтиже көрсетті.

— Мен жарыстың барлық кезеңіне қатыстым. Сынақтан сәтті өтуге спортқа деген махаббатым көмектесті – мектепте сабақтан бос уақытымда жеңіл атлетикамен айналысамын, футбол мен волейбол ойнаймын. Мектепті бітіргеннен кейін әскери институтқа түсіп армияда қызметімді жалғастырамын, — деп болашақ жоспарларымен ұлан Асыланбек Ернұр бөлісті.

Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының және «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 80 тәрбиеленушісі қатысты. Оқу орындары арасындағы командалық сайыста Шымкент қаласының ұландары үздік атанды.

Жарыс Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж және Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының оқу-жаттығу орталығында өткізілді. Төрт күн бойы жасөспірімдер пневматикалық винтовкадан ату, белтемірге тартылу, шаңғы жарысы және әскерилендірілген эстафетадан сайысты.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.