* Сұлулық сыры. Беттің сұлулығын қайтаратын жаттығулар
Қарапайым жаттығулардың көмегімен маңдайдағы қатпарлардан арылып, қабақтың салбыраған етін тартуға, мұрын мен ерін қыртыстарын жазуға болатынын білесіз бе? Бұл – әрине, күнделікті қайталауды қажет ететін процесс, алайда нәтижесі пластикалық ота мен ботокстан әлдеқайда жақсы. Әрі күнделікті 5-7 минуттан артық уақытыңызды алмайды. Ерінбесеңіз, байқап көріңіз.
1-жаттығу
Терең демалыңыз да, екі ұртыңызды ауаға толтырыңыз. Ерніңізді бүрістіріңіз. Енді саусақтарыңыз құлақтарыңызда тұратындай етіп, екі алақаныңызды ұртыңызға қойыңыз да, күшпен басыңыз, ал екі ұртыңыз қарсыласуы керек.
Осылай 5-6 секунд ұстаңыз да, босатыңыз. Жаттығуды 5-10 рет қайталаңыз.
Бұл жаттығу беттегі шаршаудың ізін тез жояды. Беттің бұлшықеттерін ширатып, пішінін жақсартады.
2-жаттығу
Айнаның алдына тұрып, ерніңізді О пішінінде дөңгелентіңіз. Енді тіліңізді ұртыңыздың ішкі жағына барынша қатты тіреңіз. Тіліңізбен ұртыңызды қатты басып тұрып, оны ары-бері қозғаңыз. Ұртыңыз да оған қарсылық танытуы керек.
Әр ұртыңызда тіліңізді осылай 20 реттен ары-бері қозғаңыз. Осылайша сіз ұрттағы бұлшықеттерді жұмыс істетіп, бет терісінің салбырауын және иектің төмен түсуін тежейсіз.
3-жаттығу
Аузыңызда тениис шары тұр деп елестетіңіз. Одан кішірек болса да болады. Шар бір ұртыңызда тұр дейік. Оны ойша дөңгелетіп, жоғарғы ерніңіздің астынан екінші ұртыңызға өткізіңіз. Сосын осы жолмен астыңғы ерніңіздің астымен алдыңғы ұртыңызға қайтарыңыз. Осылай біраз ары-бері айналдырыңыз.
4-жаттығу
Аузыңызды ашып, ерніңізді ішке қарай тіске жабыстырып ұстаңыз да, ерін мен ұрттың бұлшықеттерін ширықтырыңыз. Екі жұдырығыңызды беттің екі бүйіріне қойып, қатты басып тұрып жоғары қарай уқалаңыз. Бұл жаттығуды беттің бұлшықеттері шаршағанша жасаңыз. Бұлшықеттерді босаңсытып, ерін арқылы ауаны сыртқа шығарып тастаңыз.