СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БОЙЫНША ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАМАҒАНЫ ҮШІН АЙЫППҰЛ ҚАРАЛҒАН
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – оларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің бастамасымен аумақтық мемлекеттік органдар өкілдерімен өткен кездесу барысында хабарланды.
Жиынға департамент басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаев, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің қалалық департаменті басшысының орынбасары А.Раева, Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Б.Омартаев, мемлекеттік органдар басшылығы мен персоналды басқару қызметінің мамандары қатысты.
Сонымен қатар, кездесуде мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар басшыларының қаржылық бақылау шараларын қабылдамауының салдары талқыланды.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерге, сонымен қатар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысудың салдарына тоқталды.
Оның айтуынша, Департамент осы бағытта тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.
Іс-шараны ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының заңмен белгіленген жауапкершілігі туралы мәліметтерді жеткізді.
Кездесу соңында Жандос Жұмабаев әрбір мемлекеттік қызметшіні сыбайлас жемқорлыққа белсенді қарсы тұруға шақырды және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.