СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕЗЕКТІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Жемқорлыққа қарсы мәселелер ортаға салынған шараға Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің басшысы Қ.Қожахметов, Департамент басшысының бірінші орынбасары Н.Сәмет, комиссия мүшелері мен әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының басшылары мен бейнебайланыс арқылы қала/аудан әкімдері, сондай-ақ облыстық басқарма басшылары қатысты.

Комиссия отырысында №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс қызметін дамыту мәселелері мен білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау себептері мен жағдайларын жою жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Жиында Нұрдәулет Сәмет мұғалімдер мен ата-аталардан ақша жинау деректері – облысқа қарасты білім беру мекемелеріне бақылаушы органдар тарапынан жүргізілетін үздіксіз тексерулер мен мектеп директорларына салынатын қомақты айыппұлдардың салдарынан туындайтынын жеткізіп, өткен жылдың өзінде 116 заңды тұлға — 43,6 млн. теңге, 383 мектеп директоры — 128,4 млн. теңге айыппұл арқалағанын жеткізді.

Сондай-ақ, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы қолданыстағы Заң талаптарын сақтамай, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс мектеп оқушыларын күні бүгінге дейін азық-түлік тауарларымен қанағаттандырып келгендігін мәлімдеді.

«Бұл мәселе, облыс басшылығының назар аударуын қажет етеді. Алдағы уақытта оны болдырмау үшін уәкілетті орган тарапынан тиісті кешенді шаралар қабылдануын және бөлім басшысымен қатар, мектеп директорларының да жауапкершіліктерін қоғам өкілдерінің қатысуымен қарауды ұсынамыз», — деді Н.Сәмет.

Комиссия отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген өңірлердегі жемқорлық деңгейін бағалау жүйесі және бекітілген бағалау критерийлері таныстырылып, облыстағы жергілікті атқарушы органдардың ғылыми сараптамадан өткен 32 нормативтік құқықтық актілері жобаларының қорытындыларына жүргізілген мониторинг жұмыстары баяндалды.

Мәжіліс соңында өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы жемқорлықпен күрес жан-жақты, ашық әрі әділетті жүргізілуі тиістігін баса атап өтіп, комиссия отырысында айтылған кемшіліктер мен кедергілерді жою бойынша қала/аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.