СЫПАЙЫЛЫҚ ПЕН СЫЙЛАСТЫҚТЫ ДА ӘРКІМ ӨЗ БОЙЫНАН ІЗДЕУІ КЕРЕК

Дәурен ҚУАТ

Е-е, айта берсек әңгіме көп. Қазақстанның азаматтығы қазір кімге керек, кімге бұйырмай жатыр? Ағылшындық ат, айғыр, биелерге де, түркпеннің алабай төбеттеріне де, Асылжан Мамытбековтың аусыл шыққан ала бас сиырларына да бұйырды (өйткені, осылардың барлығы тіркеліп, құжатталған жануарлар мен тіршілік иесі). Таяу күндері АҚШ-тың Гуантанамо базасындағы әскери түрмесінен босаған үш йемендік пен екі тунистік те Қазақстан азаматтығын қабылдайтын шығар. Украина-Ресей қақтығысынан болған үркіншіліктегі елдің алды Қазақстанға келіп, босқындар мәртебесін иеленіп үлгерді. Олар үшін де алда азаматтықтың ауылы алыс емес. Тек қазақ қана Қазақстан үкіметі мен заңдарының алдында өзінің сотталмағандығын дәлелдей алмай айыпты болып жүр. Сол «айыптары» дәлелденбей – этникалық қазақтардың азаматтықтан дәметпей-ақ қойғаны жөн.

*   *   *

Қазір билігіміз мақтаншақ, бұқарамыз бұйығы қауымға айналған. Биліктің бет-аузы болып алған мемлекеттік телеарналарға көз тігіп, ресми газет-жорналдарды парақтасаңыз – қазір дүниеде Қазақстаннан асқан кемел ел кем, дамудың даңғыл жолына түскен бірден бір ел де – бізбіз! Құдай-ау, біз болмасақ мына дүниені қараңғылық қаптап, қапас басқандай екен… нұр шұғыламызды төкпей қайда жүргенбіз осы уақытқа дейін? Бәлкім, жері кең, даласы дархан жұртқа осындай рух, асқақ амбиция керек те шығар. Былайша айтқанда, Имам Шәмілдің еліне – алмас қылыш, бізге – аспанмен астасқан амбиция… тегінде мына заманда кеудемзорлықты жоққа шығара беруге де болмайды, бірақ, көрпең көсіліп жатуыңа лайық болсын.

*   *   *

Қазақстан билігі қазір таңғы шай үстінде түсін  кемпіріне жорытып отыратын қарияға ұқсап барады. Денін дерт жайлаған қарт кемпіріне: «Бүгінгі көрген түсім тәуір секілді, жақсылыққа жорышы» деп жүгінетін еді ғой. Сол секілді Ақ Ордадағы ақ жағалы ұлықтарымыз да «бүгініміз керемет, ертеңіміз, тіпті, ертегідей болады» деуден, елді сол ертегіге ұқсас ертеңіне еріксіз сендіретін стратегиялық бағдарламалар қабылдаудан шаршайтын емес. Білуімізше, әйтеуір ертеңіміз – ғажап, бүгініміз – керемет.

Тоқсаныншы жылдары өмірді жап-жас болып бастаған буынның қазір ата сақалы аузына түсті, қажып-қартайды, алды зейнет жасына ілініп мәлкілдеп жүр, ал, тәуелсіздіктің құрдастары дардай жігіт болды, осының бәрі түк көрмеді деп түкірігімізді жұтпай-ақ қоялық, бірақ Қазақстан шиырлап кешіп келе жатқан жолды бір кездері басып өткен мемлекеттердің адамдарымен өзін салыстырса, өкпелейтіндей халде.

*   *   *

Ал БАӘ-де бәрі ертегідегідей. Аспанға ұмсынған зәулім отельдер, Шығыс мәнеріндегі өзгеде айшықты құрылыстар әмірлік жұртының салтанатты тұрмысына әбден лайық. БАӘ-де бұдан басқаша болуы мүмкін емес сияқты. Әмірлер байлығын әлемге қалай көрсетемін десе де елінің тұрмыс күйімен үндесіп, жарасым тауып тұр. Оған қысқы Азия ойындарын өткізсе де, EXPO көрмесін жасаса да жарасады. Баспанасыз шұбырып жүрген арабаты әмірліктен итпен іздесең де таппайсың. Жем­қорлық, ел байлығын тонап қашу, ұрлау, коррупция атымен жоқ.

*   *   *

Қазақ қоғамындағы қалыптасқан ахуалды түбірімен өзгертуге көшкен  құбылыс ол – ғаламтор. Демек, қазақты кез келген жерде кемсітіп кете беретіндер ғаламторға, әлеуметтік желілерге жетіп бармастан бұрын ойланғандары абзал. Қайдағы жоқты қиялдан тудырып көкіместен бұрын көкейге қонатын сөз айтудың мәдниетіне жеткендері жөн.

Демек, толеранттылықты қазақтан ғана емес, әркім өзінен де талап ете білуі керек. Сыпайылық пен сыйластықты да әркім өз бойынан іздеуі керек. Сол кезде ғана Қазақстандағы барлық ұлттың өкілі қазақ дейтін дархан халықтың құшағынан орын табатын болады.

*   *   *

Мемлекет – идеологиясыз мемлекет емес. Ал, идеология, әрине, БАҚ арқылы, әдебиет пен кино арқылы жүргізіледі. Демек, идеология мен БАҚ-тың арасында белгілі бір тәртіп, құрмет, тең дәрежедегі қарым-қатынас пен өзара түсіністік болуы керек. Бұл – әлемдік саясатқа ықпалды елдердің баспасөзі мен идеологиясында бұрыннан бар дәстүр. Тек сырт көзге ғана көрсете бермейді. Мысалы, қазіргі Ресейді біз Ресейдегі БАҚ арқылы танимыз. Ресейлік БАҚ бір мақсатқа – Ресейдің үлкен саясаттағы орнын сақтап қалуға жұмыла жұмыс істеуде. Идеология ма? Идеология. АҚШ баспасөзін жедел әрі сенсациялық ақпаратпен кейде АҚШ-тың барлау қызметі қамтамасыз ететінін де бүгін ептеп біліп, естіп жатқан жайымыз бар. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекеттердің бәрінде осылай. Сөздің турасында көшсек, еліміздегі орыстілді БАҚ қазақстандық идеологияға жұмыс жасамайды.

*   *   *

Ендеше, билік қазақ баспасөзінде айтылып жатқан құнды пікірлерге құлақ ассын. Сынына төзімділік танытсын. Сұрағына жауап берсін деген талабымыз орынды шығар деп ойлаймын. Осылар шетінен орындала бастаса, біз де өзімізге қойылатын кәсіби талапты күшейте түсер едік.

*   *   *

Бізде расы керек, «қандай қажетіме жаратам» десең, сол қажетіңді өтейтін заң бар. Бірақ заңға деген сұраныс пен талап жоқ. Заңға деген сұраныс болмағандықтан, елімізді заңсыздық, коррупция, қылмыс жайлап барады.

*   *   *

Жемқорлықпен күрес демократиясы дамыған, азаматтық қоғамы белсенді Батыс елдерінде де тоқтаусыз жүріп келеді. Жемқорлық – жегіқұрт. Біздегісі – соның ең сұмдық түрі. Мемлекетіміздің өзіне кейде қаупін төндіріп кететін тажал. Коррупционерлерді шетінен ұстап қамау – коррупцияны жеңе алмайды. Қазақстандағы коррупцияға қарсы күрес коррупциялық күштердің өзара қырқысына айналып барады. Ендеше, жүйе өзгеруі керек. Өзгерісті жүйеден ғана күтіп отырмай, бұқара халық біздің өзіміз де өзгеруіміз керек. Қазір Қазақстанда жемқор емес, ұры емес адам кемде-кем. Бәріміз де ұрымыз. Пиғылымыз жаман. Бір-бірімізге жақсылық ойлағымыз келмейді. Қолынан келгені қорғансыз бейшараға әлімжеттік жасап қалады. Еңбек етіп тер төгуден қашатын болдық. Алды-артымыз толы былық. Толған кедергі. Астанадағы ақжағалы алаяқтардың көлеңкесі – бізбіз. Қазаққа осының бәрін сырттан таңып отырған ешкім жоқ, жамандықты біз өзімізге өзіміз қылып жүрміз.

*   *   *

«Время» газетін бетіне жіберіп, бетбақ қылған – қазақтың бүгінгі сорлы билігі. «Время» дегеніміз – қазақтың бүгінгі билігі үшін кіндігін жылтыратып көрсетуден ұялмайтын шорты киген шолжаң қыз. Осы «шолжаң қыздардың» қылығына бетіміз күйіп отыр емес пе? Бөтен елдің, бөтен тілде ақпарат беретін баспасөздің қазаққа дос болмайтындығын қашанғы зарлап-қақсап айта береміз? Бөтен елдің баспасөзін асырау – жаулап алған жатжұрттықтың әскерін асыраумен тең.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.