«ТАҒДЫРЛЫ» КЕМЕЛЕР

Теңізшілер – ырымшыл халық. Олар кемелердің де адамдар сияқты өз мінезі, өз тағдыры бар деп есептейді. Біреулері сабырлы, сондықтан да ұзақ қызмет етеді, екінші біреулері ерке, шатақ мінезді, олардың ғұмыры ұзаққа созылмайды. Біреулері қандай ауыр апаттан да аман шықса, енді біреулерінің сәтсіздік пен жамандық атаулы қыр соңынан қалмайды…

Тарихта көп уақыт жария етілмей келген кемелерге қатысты көптеген түсініксіз оқиғалар тіркелген. Мысалы, фашистік «Шарнхорст» кемесін тұрғызу кезінде ол жұмбақ жағдайда аударылып, жүздеген жұмысшыларды басып қалған. Бұдан басқа тағы екі жүздей адам ауыр жарақат алған. Кемені қайта қалпына келтіріп, шынжырмен және ағаш арқалықтармен бекітіп тастаса да, әлгі арқалықтар тағы майысып, көптеген адамдарды жарақаттаған.

Оны суға түсірген күні портқа Адольф Гитлердің өзі келеді. Кенет қалың темір шынжыр үзіліп, «Шарнхорст» жағалауда тұрған екі баржаның үстіне құлайды. Баржаның біреуі сол сәтте-ақ бүкіл экипажымен суға кетеді, ал екіншісіндегі команда түгелдей опат болады. Гитлер осы жағдайдан кейін кемені тез арада металлоломға айналдыруға бұйрық береді.

*   *   *

1869 жылы «Чарлз Хескелл» атты жаңа шхунада аяғы тайып кеткен жұмысшы мойын омыртқасы үзіліп, қайтыс болады. Бірақ, бұл жайсыздыққа қарамастан, кеме капитаны Кертис өз командасын жинап, теңізге шығады. Бір жылдан кейін «Чарлз Хескелл» Үлкен Ньюфаундленд маңында балық аулап жүргенде кенеттен күшті дауыл тұрады. Кертис кемені басқара алмай, «Эндрю Джонсон» шхунасын соғады да, оның бүкіл командасын су түбіне жібереді. Ал «Чарлз Хескеллдің» өзі қатты зақымдалғанына қарамастан, портқа аман-есен оралады.

Кеме толық жөндеуден өткен соң, қайтадан Ньюфаундленд аралына аттанады. Бес күн бойы тып-тыныш жұмысын атқарған балықшылар алтыншы күні сұмдық жағдайға куә болады: шхунаның бортына киімдері жырым-жырым, резіңке етік киген 26 елес кіріп келеді де, теңізге ауларын лақтыра бастайды. Жиырма минуттан кейін ауларын қайта жинап, теңізшілерге назар да аудармастан, үнсіз кемеден шығып кетеді. Зәресі зәр түбіне кеткен «Чарлз Хескеллдің» капитаны тез арада портқа қайта оралады. Осыдан кейін бұл кеме қайтып теңізге шықпайды.

Кейінірек белгілі болғандай, бұл кемені тұрғызу кезінде бүкіл экипажы жұмбақ жағдайда көз жұмған «Қасиетті Анна» шхунасының ағаштары пайдаланылыпты. Шамасы, «Чарлз Хескеллге» келген елестер оны өздерінің «Қасиетті Аннасы» деп ойлаған болуы керек…

*   *   *

«Рио Map» теплоходы да осындай жұмбағы көп кеменің бірі. Әртүрлі апатты жағдайларға тап бола берген соң, иелері оны 1983 жылы Грецияның Пирей портына байлап қояды. Бірақ, мұнда да бұл кемеге тыныштық болмайды: одан бірнеше рет өрт шығып, бірнеше мәрте көрші кемелер соғып кетеді. Ақыры болмаған соң, кеме қожайыны оны бұзып тастайды.

*   *   *

1941 жылы 15 маусымда «Тирпиц» линкорында қатты өрт шығып, оны сөндіруге 10 сағат жұмсалады. Өрт киномеханиктердің кинолентаны дұрыс айналдырмауынан шыққан. Үш айдан кейін «Тирпиц» тағы өртенеді. Бұл жолы теңізшілердің бірі тыйым салынған жерде темекі шеккені анықталады. Тағы бірнеше айдан кейін кезекті өрт шығады, оны сөндіруге екі тәулік кетеді. Бұдан кейін кеме тағы да үш өртті бастан өткереді. Осылайша соғысқа арналған кеме бар уақытын жөндеуде өткізеді. Ал соғыс біткен соң, өрт те аяқталады. Есесіне әр жері бір бұзылып, істен шыға береді. Ақыры елуінші жылдардың басында бөлшектеліп, металлоломға өткізіледі.

*   *   *

Француз флотында суасты кемелерін көне грек аңызындағы кейіпкердің атымен «Эвридика» деп атау дәстүрі болған. Ал күйеу жігіті Орфейдің соңынан өлілер мекеніне барып, мәңгілік сонда қалып қойған Эвридиканың ауыр тағдыры қызығуға тұрарлық емес, мұны бәрі білген.

Бір қызығы, осы атауға ие болған төрт бірдей француз суасты кемелерінің бәрі де жұмбақ жағдайда опат болған. Соңғысы 1970 жылы Тулон маңында…

*   *   *

Ресей флотында «Адмирал Нахимов» атауына ие болған кемелердің бәрінің ғұмыры әртүрлі себеппен ұзаққа бармаған. Ресейдің ұлттық батыры – адмирал П.С.Нахимов Севастопольды ағылшын-француз әскерлері қоршауға алғанда, өз кемелерін суға батырып, жаудың ішке кіруіне бөгет болғандығымен тарихта аты қалған. Павел Нахимов 1855 жылы дүниеден өткен соң, оның есімі Ресейдің бір жүк көлігіне беріледі. 1897 жылы бірінші «Нахимов» Түркия жағалауындағы дауылдан бүкіл экипажымен суға кетеді.

XIX ғасырдың 80-ші жылдары Нахимов атын иемденген құрышты крейсер теңізге шығады. 1905 жылы крейсерді жапон кемелерінің бірі атып, Цусим шығанағында суға батырады.

1980-ші жылдары Солтүстік флоттың құрамына кезекті «Адмирал Нахимов» келіп қосылады. Онда қызмет еткен экипаж мүшелерінің айтуынша, бұл кемені үнемі бір жамандық айналшықтап кетпей қойған. Ақыры 1985 жылы Баренцев теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде «Нахимов» суасты кемесімен соқтығысып, қатты зақымдалады да, металлоломға жіберіледі. Бірақ, ол діттеген жеріне жетпей, орта жолда суға батып кетеді.

*   *   *

Айта кетерлігі, «ажалы жоқ» кемелер де болады екен. Солардың бірі — финдік жағалау күзетінің «Вяйнемейнен» бронды кемесі. Тарихшылардың айтуынша, 1939 жылы кеңес-фин соғысы кезінде бұл кемеге үш рет бомба тасталады. Бірақ, ол өте жоғары биіктіктен тасталғандықтан, нысанаға дәл тимей, мүлт кетеді. Арада біраз уақыт өткенде жеті бомбалаушы және он екі басқа ұшақ оқ атқылағанымен, қорғаныстың күштілігінен бұл жолы да бірде-бірі кемеге дөп тигізе алмайды. Тағы үш күннен кейін «Вяйнемейненға» енді отыз ұшақ қарсы шығады. Қаншама әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап жүрген тәжірибелі ұшқыштардың бұл жолы да жолы болмайды. Ақыры Балтық флотының басшылығы кемені суға батыру мақсатында аса ауқымды жоспар жасап, жиырма сегіз бомбалаушы және он тоғыз жойғыш ұшақтарды аттандырады. Таңқаларлығы, кемеге тасталған елу алты бомбаның бірде-бірі оған түспейді.

Ұлы Отан соғысы жылдары «Вяйнемейненді» жоюға жүз отыз екі ұшақ ұшып шығады, алайда бұл жолы да жоспар іске аспайды. 1947 жылы «ажалы жоқ» кеме КСРО-ның Әскери-теңіз флотының құрамына енеді…

Дайындаған Б.КЕМЕЛ.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.