Таңғаларлық олжа: Күлтөбе қалажұртында ерекше құрылым — ежелгі ханака табылды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Eurasian Resources Group (ERG) демеушілігімен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы аясында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғалымдары айтарлықтай тың жаңалықтарға қол жеткізді.
Биылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі, Күлтөбе қалажұртында ерекше құрылым, яғни ежелгі ханака деп аталатын сопылық құрылыстың орны табылды.
Мамандардың пікірінше, күлтөбелік ханака — бірнеше ғасырлар бойы – XV ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта жұмыс істеген ерекше мәдени сәулет ескерткіші. Өйткені мұнда барлық үй-жайлар мен ғұрыптық бөлмелерінің қалдықтары ғана емес, дәруіш тариқатына қызмет еткендердің табыттары белгілі болды. Мұндай ескерткіштер, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар және Қаялық қалажұрттарындағы қазақстандық екі ханаканы санамағанда, отандық ғылымда іс жүзінде белгісіз және аз зерттелген жұмыстар санатына жатады. Аталған екі орын да көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден едәуір кішірек.
«Күлтөбеде ашылған ханака — Ясауи тариқатымен тікелей байланысты ежелгі дәуірдің ең қызықты құрылымдарының бірі. Оған дәлел Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде, яғни 300 метр қашықтықта орналасуы, мүрделердің басы солтүстікке, яғни кесенеге қарай бағытталуы.
Сопылық және ортодоксалдық исламның басты айырмашылығы қасиетті қабірлерге табыну туралы И.Гальцье, В.Базилов, И.Стасевич және басқа ғалымдардың еңбектерінде айтылған. Қасиетті қабірлерге табыну қоғамдастықтың негізін қалаушы немесе сопылық тариқатының ерекше құрметті мүшесі жерленген жерлерде көптеген Орта Азиялық мен Шығыс ханакаларының болуы анықталған. Орта Азияда мұндай мысалдар өте көп. Сонымен бірге, әулиелерге табыну — антикада ақсақалдарға және әулеттің негізін қалаушыға табынуын Қазақстанның исламға дейінгі наным-сенімдерінен байқауға болады», — дейді жобаның ғылыми жетекшісі, философия докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Хазбулатов.
«Көбіне жоғарғы билеушілердің немесе олардың өкілдерінің тапсырысы бойынша мұндай мекемелердің салынуы мешіттер мен медреселерді салумен қатар оң іс деп саналған. Әдетте, олар барлық мұсылман елдерінің қалаларында және жол бойында салынған. Күлтөбе қалажұртындағы ханака — жылыту пештері мен кішкентай тандырлары бар 10 бөлмеден тұратын кешен. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде 7 жер асты табыты бар тікбұрышты пішінді кесене орналасқан. Кесене тікбұрышты (8 х 11 м) пішінді. Барлық жерленгендердің бастары солтүстікке- Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағытталғаны ханаканың Ясауи орденін жататындығы туралы болжамды дәлелдейді.
Ханака кесенесінің оңтүстік, солтүстік және шығыс жағында тікбұрышты айналма галереялар аршылған, қабырғалардың бір бөлігі шикі кірпіштен, ал басқа бөлігі күйдірілген кірпіштен және өзеннің үлкен қиыршық тастарынан жасалған. Кесененің батысында, ұзын меридиональды қабырға бойында оңтүстіктен солтүстікке қарай батыстан кіре берісте бір қатарда орналасқан 8 хужр (кішкене бөлме) орналасқан. Нысанның солтүстік-батыс бөлігінде жер үсті құрылымдары нығайтылмаған, тұрмыстық қажеттіліктер мен ұжымдық рәсімдерге қолданылатын айван- жабық террассасы болғанға ұқсайды»,- деп түсіндіреді Ерлан Казизов.
«Бұл ханака, әрине, Институттың ғылыми тұжырымдамасымен айналысып жатқан «Күлтөбе қалажұрты» ашық аспан астындағы археологиялық паркінің «маржаны» саналатын I-II ғасырлардағы қаңлы дәуірінің кірес тәрізді ордасымен тең дәрежеде бола алады. Бұл ғимараттың бірегейлігі тек сопылық кешеннің архитектуралық тұжырымдамасында немесе шешімінде ғана емес, сонымен қатар Ясауи жолы өкілдерінің өмірі мен жұмысының көптеген аспектілерін ашады,-дейді мәдениеттанушы, жобаның бас ғылыми қызметкері Жанерке Шайгозова.
Күлтөбе қалажұртын зерттеуші ғалымдар тарихи орныннан табылған нумизматикалық және өзге де материалдармен бірге, антропологтар мен генетиктердің адам сүйегінің қалдықтарын зерттеу жұмыстары жаңа ақпараттарды білуге және Қазақстан тарихының жаңа бір «бетін» ашуға мүмкіндік береді деп үміттенуде.
Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Күлтөбе қалажұртын ашық аспан астындағы музейге айналдыру ісі 2019-2021 жылдарға жобаланған. Тарихи орындағы 27 гектар аумақты үш жыл ішінде зерттеп, табылған орындарды тарихи қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Алдағы уақытта Түркістан қаласына келушілер көне қаланың тарихымен тереңдей танысып, археологиялық саябақты аралап көре алатын болады.