Тәжиеваға теңесер үміткер жоқ (қала, қалама, оған ешкімнің де айтары жоқ)

Облыс тарихының бетінде із қалдырған білім саласының саңлақтары Ж.Әмірәлин, Ж.Егембердиев, С.Қалғынбаев, Е.Сармановтар бастап, С.Барақова Н.Байғұтов сынды отаншыл төл перзенттеріміздің еселі еңбектері облыс мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетуге қол жеткізді. Сөйте тұра, облыстық білім  басқармасының 8 айдан бері басшысыз отырғаны көңілге қонымсыз-ақ көрініп тұр.

Осыны дұрыстап ой-таразысына салсаңыз, келеңсіздіктің себептерін облыстың басшысына тіркеп қоюдың  да қисынсыздығына көзіңіз  жетеді.  Қиындықтың басы «Дайрабайдың көк сиыры» емес, біздің әспеттеп отырған жоғары өкілетті орг андағы депутаттардың «Жергілікті атқарушы орган мен  Білім  туралы» заңдарын қабылдауда жасаған қойыртпағынан дер едік. Жергілікті жерде білім бөлімі басшысын әкімқаралар, мектеп директорын білім бөлімі басшысының, ал мектепке мұғалімді директордың бұйрығымен қабылдау беталдылықтың басы болды да, былықтың аяғы бүгінде бақылаудан шығып кеткені  санасында саңылауы бардың бәріне түсінікті болды. Жергілікті жердегі бел алып бара жатқан  сорақылықтардың қасында, мына елді алаңдатып отырған министр Е.Сағадиевтің реформасы «айналайын-ақ» болып тұрған жоқ па?

Дәл осындай жағдайдағы қиындықтарға шыдап, облыстың білім басқармасының тізгінін тарта ұстауға шамасы келетін кадрды табу оңай болмай тұрғаны анық-ақ. Сондай-ақ, кейбір  мемлекеттердей 3 млн. халқы бар өңірден білім саласын басқаратын кадр табылмады деген де қисынға келе қоймас. Кезінде осы басқарманың жұмысын өрге сүйреп, республикада оңтүстіктің абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосқан С.Әуесханов, М.Ақтаев сияқты ерен қабілетті, іскер де жаңашыл іздемпаз басшы, ары да, қолы да таза, ел-жұртының алдында жүзі жарық төл перзенттеріміз осы басқарма басшысының орынбасары кезінде-ақ  басқарманың жұмысын ұршықша иірген жоқ па еді?

Оңтүстік басшы болатын кадрдан кенде емес. Сартақыланған салтымызда жеке мүддеден аса алмайтын пендешілік жетегінде кетіп, арыстай азаматтарымызды көзге ілмейтініміз бар. Болмаса, ерен сауатты алғыр ойдың иесі, ел сенімінен шығудың баспалдақтарынан абыроймен көтеріліп келе жатқан білім саласының білікті кадрының бірі, Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаеваға «Перзенттік парызың  ғой, осы саланы бір көтеріп берші» деп неге салмақ салмасқа.

Дәл қазір облыстық білім басқармасын қағып-сілкіп, сала жұмысын ретке келтіру, есімі облысқа танымал, білім саласының білгір басшы кадрының бірі Тәжиева Жанат Арысбекқызының ғана қолынан келеді дегенді ашық айтар едік.

Жанат Тәжиева-он жігіттің   «мыңқылдап», мырыңдап басын кіріктіре алмаған жұмысты бір өзі дөңгелетіп әкетіп, ойдағыдай ұйымдастыра алатын өлшеусіз күш-қайрат пен зор қабілет иесі. Өз қызметін шынайы жанашырлықпен  атқаратын нағыз мемлекетшіл жан болғандықтан, сала жұмысын бүге-шігесіне дейін білу түгілі, болған мектептерінің кірген босағасынан бастап, қай жерінде  қандай шегенің қалай қағылғанына дейін жатқа айтып беретінін көргенде, білім саласын шексіз сүйетін, оның қадірін біліп, қастерлей білетін нағыз ел перзенті деп қалай айтпассың?! Сала жұмысының жаңашылдығын жетік меңгергені сонша, түнде түртіп  қалсаң да қателеспей сөйлейтініне ешкім шүбә келтіре алмас. Алғыр болмысына шешендігі сай,  жұртшылықпен жұмыс істеуді өте жақсы үйренгендік тен кез-келген қысылшаң сәттің өзінен қиналмай шығып кете алатыны бар.

Басшылық қызметінде сергектігі мен елгезектігі басымдау байқалатын Жанат Арысбекқызының тиісті жерінде сөйлесе түбін түсіретіні де, сабырлыққа салған сәтінде атан түйе көтере алмас салмақтылық көрсететініне де еріксіз тәнті боласың. Ж.Тәжиева өзінің маңдай терімен танылып, «шымкенттік» саяси  ойындардың қазанында қайнаған, облыстың білім басқармасы басшысына баламасыз үміткердің бірі.

Кезінде Ж.Тәжиеваның қызметіндегі келеңсіздіктерді де сынадық. Ол – ашық адам. Көкейінде «ақ  шүберек, көк шүберек» болмағандықтан, кейде ашық сөйлеймін деп «пысықайларға» арандап қалатыны да бар.

Дәл қазір өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған Жанат Тәжиеваға таңдаудың түспейтініне көзіміз жетсе де, «Айтпаса сөздің атасы өледіні» ұмытпадық. Жанат қыздарының қандай екенін қалың ел біледі.

Алмас қанжардың қын түбінде  жатпайтындығына да сенеді. Күні ертең басқармаға Ж.Тәжиевадан

асар адамның бармайтынында сезеді. Қайда ж үрсе де елжанды перзенттеріміздің мәртебесі биіктей берсін.

 

Әділ Мұратбеков.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.