Терiс ағым тұзағына түспейік!

Жат ағымдармен күресте полиция қызметкерлері елеулі рөл атқарады. Сондықтан полиция қызметкерлері ұдайы білім-білігін арттырып отыруы керек. Өйткені, кереғар діни ағым насихатшылары да уақыт өткен сайын өздерінің түпкі мақсатына жету үшін түрлі тәсілдерге барып, өз тактикаларын үздіксіз өзгерту үстінде. Ал қоғам сақшылары жат ағымдардың әдіс-тәсілдерін зерттеп, олардың теріс ниеттерін дер шағында әшкерелеп отыруы тиіс. Осыған орай, таяуда Түркістан облысының МКҚБ ММ І полиция батальоны жеке құрам қызмет­керлеріне «Кереғар ағымдар, суицид, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу және жол бермеу» атты семинар-тренинг өткізілді.

Семинар-тренингте МҚКБ ММ І полиция батальонының басшысы Ж.Бертаев және Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы К.Рысбеков сөз алып, қазіргі таңда әлемге қауіп төндіріп, әлеуметтік желілерде орын алған кереғар ағым­дар мен суицидке жол бермеу туралы әңгімелеп, бірқатар теологиялық мәліметтер берді. Сонымен қатар ҚМДБ-ға қарасты имамдармен кеңесе отырып қана ғаламтордағы діни мазмұндағы әдебиеттерді оқуға кеңес берілді. Кездесу соңында МКҚБ ММ І полиция батальоны жеке құрам қызметкерлерінің көкейкесті сұрақтарына теолог маман тұщымды жауап қайтарды.

Ал «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігі мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен Отырар ауданындағы С.Аширов атындағы мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушыларымен «Жастар жадына – ғаламтор жау» тақырыбында жалпы кездесу өткізілді. Кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталы­ғы» КММ-нің теолог маманы Б.Темирханов қатысып, радикалды діни топтардың діни білімі саяз азаматтарға әлеуметтік желі арқылы ықпал етіп, хақ дінімізді бұрмалап ұлттық ғұрыптарымызды жоққа шығару арқылы өз қатарларына тартуға тырысатындығы ескертілді. Оған қоса Ислам дінінің артықшылығы дәйекті дәлелдермен, көптеген мысалдар арқылы жеткізілді. Теолог мамандар оқушыларды ата-анасын құрметтеуге шақырды.

Сондай-ақ, елімізде көптеген теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың сот шешімімен жабылғандығы да түсіндіріліп өтті. Кездесу соңында әлеуметтік желідегі теріс діни ақпарат көздерінен сақ болу жөнінде қосымша қажетті мағлұматтар беріліп, арнайы видеороликтер көрсетілді.

 

Дайындағандар: А.ҮСІПОВ, Ұ.ӨСКЕН.

«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.