ТӨЛЕБИДЕ АРДАГЕРЛЕР МЕН ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ленгір қаласындағы «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінің ашылу рәсіміне қатысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психолохиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. Массаж, його орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып, демалып, рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған.

Орталықта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер мен ұсыныстар берілетін болады. Сондай-ақ ардагерлердің шахмат ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы бөлмелер бөлінеді. Зағип жандар, жалпы мүгедектігі бар қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығының мақсаты – мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру.

Осы орталықтың жанында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мейірім» орталығы жақын күндері өз жұмысын бастайды. Бұл орталық 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған.

Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар. Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.

Орталық жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі өңірдегі ерекше балаларға барлық жағдай жасалатынын және осындай орталықтардың өзге де аймақтарда салынуын қолдайтынын айтты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.