Түнгі қонақ
«Мұсылман халқында жаңа босанған әйелді жас сәбиімен қырық күнге дейін жалғыз қалдырмайды және сыртқа шығармайды. Олардың жанында үнемі біреу болуы керек, мүмкіндігінше үлкен адам болғаны жақсы. Ал күн батқан соң, жас баласы бар үйге сырттан ешкімді кіргізуге болмайды. Әйтпесе, ол үйді жын иектеуі мүмкін» деп әжем бала күнімізде жиі айтып отырушы еді. Бұрын сенбесем де, соның растығына жақында өзімнің де көзім жетті.
Бұл оқиға менің тұңғышымды дүниеге әкелген соң басымнан өтті. Перзентханадан шығып, үйге келген соң, бірінші түні анам маған көмектесу үшін жанымда қонып шығуды ұйғарды. Оған мен де қуанып қалдым. Әйтпесе, үй шаруасын бір кісідей дөңгелентіп жүргеніммен, бала күтіміне қатысты ештеңе білмейді екенмін. Үйрететін енем де жоқ, ол кісі мен осы босағаны аттамай тұрып о дүниелік болып кеткен екен. Оны-мұны тірлігіме көмектесетін қайынсіңлім бар. Оның өзі небәрі 12 жаста, мұндай нәрселерді қайдан білсін. Сондықтан, анамның көмегіне мен ғана емес, жолдасым да қарсы болмады.
Перзентханада күнұзақ пыс-пыс етіп ұйықтай беретін балам үйге келген соң жатырқады ма, білмеймін, көп жылап-жылап әзер ұйықтады. Ол тыншыған замат мен де әбден қалжырап ұйықтап кетіппін. Күйеуім баланың жылаған даусына шыдай алмай, басқа бөлмеге ұйықтауға кеткен. Оған да ренжуге болмайды. Ертең жұмысқа баруы керек, ұйқысын қандыруы керек. Ал анам маған қарайлап тұру үшін көрші бөлмеге жайғасқан.
Түн ортасында мен сәбиім қыңылдаған соң оянып, емізіп отырғанымда қарсы қабырғадағы сағат түнгі 1-ді көрсетіп тұрды. Осы кезде қайынсіңлімнің де тұрып, далаға тырп-тырп басып шығып келгенін естідім. Оның ішке кіріп, өз бөлмесіне өткенін ашық тұрған есіктен көріп, көңілім тыншыған соң, мен де баламды жаныма жатқызып, қайта ұйықтап кеттім.
Кенет бір ауыр бірдеңенің секіріп үстіме шығып алып, кеудемді езіп, тұншықтырып жатқанын сездім. Көзімді ашайын десем, кірпіктерім жабысып қалғандай, икемге келер емес. Ақыры әрең дегенде көзімді ашып қарасам, саусақтары ұзын, тырнақтары сойдиып өсіп кеткен, әппақ, ап-арық қолдар менің тамағымнан уыстай қысып біраз тұрды да, сосын бетіммен жайлап жылжып көзіме қарай жақындап келе жатты. Жаңағы бәлені қолыммен қағып, итеріп жіберейін десем, аяқ-қолым құрысып қалғандай, қозғала алар емеспін. Зәре-иманым кетіп, өлдім-ау дей бергенімде…
Осы сәт сәбиімнің жылаған даусы естілді. Артынша кеудемді жаншып отырған пәлекет өз-өзінен жоғалып, денем жеңілдеп сала берді. Мен тұншығып барып ауа жұтқандай терең тыныс алдым да, атып тұрдым. Жүрегім қатты-қатты тарсылдай соғып тұр. Мұның түс болмағаны анық. Бәрін дәл осы жерде, дәл қазір көрдім ғой. Көргенім анық…
Қарасам, анам баламды қолына алып, күбірлеп, бір дұғаларды оқып тұр екен. Менің тұрғанымды көрді де: «Бісміллә де, қызым, тіліңді кәлимаға келтір», — деп, бетіме су бүркіп жіберді. Мен содан кейін ғана өз-өзіме келе бастадым.
Сөйтсем, апам баланың жылаған даусынан оянып, мені ұйықтап қалды ма деп жанымызға келсе, мен ауыр тыныстап, қиналып жатыр екенмін. «Бетің біртүрлі бір жағына қарай қисайып бара жатқан сияқты көрінді» дейді апам. Содан ол кісі дереу баланы қолына алып, білген дұғаларын оқи беріпті. Содан кейін бетім дұрысталып, мен ояныппын…
Мен апама не көргенімді айтып бердім. Ол кісі үнсіз тыңдап отырды да:
— Жаңа қайынсіңлің түнде дәрет алуға шашын жалбыратып далаға шығып келді. Қыз баласы ғой, жалғыз шығармау керек еді. Еріп шығу менің де ойыма келмепті. Тым болмаса басын бүркеп жібермеппін. Шамасы, соған жын-жыбыр ере кірген болуы керек. Жас босанған әйел мен қырқынан шықпаған балаға жын-шайтан үйір келеді, өйткені, олар қырық күнге дейін өте әлсіз болады. Сондықтан, қырқыңнан шыққанша шашыңды жинап, түнде далаға шықпай, дұғаларды оқып жүр. Сырт көзге де көп түсе берме, — деді.
Ертеңіне анамның ақылымен үйді адыраспанмен аластап (қайынсіңлімді де), жеті шелпек пісіріп, тараттым. Ал қайынсіңліме бұдан былай далаға жалғыз шықпауды ескертіп, шыға қалған жағдайда басын орамалмен бүркеп жүруді тапсырдым. Құдай да «сақ болсаң, сақтаймын» деген ғой…
Балқия.