ТҮРКІ ЖҰРТЫНА ТҮГЕЛ, АЛАШ ЖҰРТЫНА АДАЛ, ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ТАУ ТҰЛҒА

Тәшімов Лесбек 1949 жылы 27 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Мәдени ауылында дүниеге келді. 1-8 сыныпты Мәдени (Ханқорған) ауылында оқып, 1966 жылы Түлкібас ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №69 қалалық кәсіптік-техникалық училищеде тәрбиешілік жұмыстан бастады.

Қызылорда облысының бірнеше дүркін бокстан чемпионы, Қырғызстан Республикасында өткен бүкілодақтық жарыста жүлдегері болды. КСРО спорт шеберлігіне үміткер және жеңіл атлетикадан 1-разряды бар.

1967 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп, оны 1971 жылы математика мамандығы бойынша бітіреді.

1971-1977 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №152 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінде және «1 Май» орта мектебінде мұғалім, директордың орынбасары.

1977-1981 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалының аға оқытушысы болған, 1981-1983 жылдары Мәскеу авиация институтының зерттеушісі, 1983-1993 жылдар аралығында Қазақ химия-технологиялық институты «Жоғары математика» кафедрасының аға оқытушысы, «Инженерлік құрылыс» факультеті деканының орынбасары, «Қолданбалы және есептеуіш математика» кафедрасының меңгерушісі, 1993-1994 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру департаментінің бірінші орынбасары, 1994-1996 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық дене тәрбиесі институтында бірінші проректор, 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірінші проректоры, 1997-1998 жылдар аралығында Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ президентінің кеңесшісі, 1998-2003 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімшесінің директоры, 2003-2004 жылдар аралығында Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтының директоры қызметтерін атқарды.

2008-2013 жылдары Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті қызметінде болды.

Қазіргі таңда 100-ден астам ғылыми-методикалық еңбектің, 2 монографияның авторы. Бірнеше мақалалары шет мемлекеттерде, оның ішінде, Чехия, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Америка Құрама Штаттарында басылып шықты.

1999-2007 жылдары және де 2011 жылдан қазіргі таңға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды.

2013 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Математика және процестерді модельдеу» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

2014 жылдың қыркүйек айынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Түркістан облысы бойынша өкілдік директоры.

Ғылыми жетекшілік жасау барысында 9 шәкірт дайындаған, оның жетекшілігімен 3 физика-математика ғылымдарының, 5 техника ғылымдарының кандидаттығы және 1 техника ғылымдарының, 5 техника ғылымдарының докторлығы қорғалды.

Еңбектегі жоғары жетістіктері үшін:

1998 жылы – «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі»;

–1999 жылы – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»;

– 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен;

– «Конституцияның 10 жылдығына» арналған мерекелік медалімен;

– 2005 жылы ғылыми жетістіктері үшін ЮНЕСКО-ның «Алтын тәж» орденімен;

– Ы.Алтырсарин медалімен;

– 2007 жылы Мемлекеттік «Құрмет» орденімен;

– 2009 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» наградасымен (Түркия);

– 2011 жылы «Ғылымдағы есім» құрметті атағы (Ұлыбритания, Оксфорд университеті) және  «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» медалімен;

– «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен;

– Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Отанын қорғаушыға» құрметті белгісімен;

– «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына сіңірген белсенді еңбегі үшін «Нұр Отан» төс белгісімен;

– 2013 жылы «ОҚО-ға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен;

– 2017 жылы «Парасат» орденімен;

– 2018 жылы Сайрам ауданының Құрметті азаматы;

– 2019 ж. Түркістан облысының «Құрметті азаматы»;

– 2019 ж. Түркістан облысының Құрметті азаматы болды.

– 2019 ж. Қасым-ЖомартТоқаевтың Алғыс хатымен;

– 2019 жылы ҚР мәслихаттарының 25 жылдығына орай және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысқаны үшін Д.Назарбаеваның Алғыс хатымен;

– «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

Отбасылы, екі ұл, бір қыз және он немересі бар.

Саялы бәйтерек

Тұңғыш ұлы  Тәшімов Ерлан Лесбекұлы – уран өндірісі саласында Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының басшысы. Ерланнан Сүлеймен, Бану, Сламхан және Аружан есімді 4 немере сүйді. 2019 жылы сүйікті немересі Сүлеймен Меруертпен отау көтеріп, асқаралы азаматтың отбасын қуанышқа бөледі.

Тәшімов Сүлеймен Ерланұлы Қазатомпром Ұлттық компаниясының Жоғарғы технологиялар институтында инженер-ізденуші.

Екінші ұлы  Тәшімов Нұржан Лесбекұлы – «Астана Газ Сервис» АҚ президенті. Ол Сұлтан, Сабыр  Жансейіт есімді үш перзенттің әкесі. Тәшімов Сұлтан Нұржанұлы Санкт-Петербургтегі мемлекеттік университеттің студенті.

Ал қызы, Тәшімова Айнұр Лесбекқызы – «Қазақконцерт» республикалық мекемесінде бас экономист қызметінде істейді. Қыздан Айна, Сәния  және Әлихан есімді немере сүйді.

Мұрат ЖҰРЫНҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Бауырлас екі ел Президентінің ортақ келісімімен бой көтерген халықаралық оқу орнының тарих бетінде алар орны ерекше. Міне, осы айтулы оқу орнын көп жылдар басқарып, шын мәнінде оның атына сай болып өркендеуіне орасан зор қызмет жасаған профессор Лесбек Тәшімұлы болды. Университеттің Шымкент бөлімшесін басқарып, кейіннен ХҚТУ ректоры болып 17 жылға жуық еңбек етіп, оқу орнының қалыптасу кезеңдеріне мол үлесін қосты. Осының негізінде университет ұжымы білімде ғана емес қоғамның сан саласындағы даму кезеңінде көшбасшы оқу орындарының біріне айналды. Ғылым саласында да қажырлы еңбек етіп келе жатқан Лесбек Тәшімұлы бұл күнде Ұлттық ғылым академиясының аймақтық бөлімінде басшылық жасайды.

Бүгінде жетпіс жастың жотасына көтеріліп, ел ағасына айналған Лесбек Тәшімов бұл жасқа көп адам жете бермейтін жеңістермен, ұрпаққа өнеге болар адалдық пен тазалықтың үлгісіндей болып жетіп отыр. Азаматтық келбеті мен адамдық болмысы қатар келіскен Лесбек Тәшімұлының еліне еткен еңбектерін мақтаныш ете отырып, айтулы азаматты қазаққа ғана емес түркі жұртына үлгі еткім келеді.

Дархан МЫҢБАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сіздің тау көтерген Толағайдай, алып тұлғалы Алпамыстай келбетіңізден қашанда сабырлылықтың салмағын, азаматтықтың ардағын көреміз. Көреміз де көңіліміз марқайып, бекзаттыққа бас иеміз.

Дала данышпандары Әл-Фараби мен Яссауи туған қасиетті топырақтағы Қазақ-түрік университетінің керегесін кеңейтіп, күллі түркі жұртының рухани құтханасына айналдырудасыз. Мамандығыңыз математик бола тұра, спортты соншалықты қадірлеп, қастерлейтініңіз өзіңіздің тұлғалық тұғырыңыздың нық екенін айшықтай түседі.

Е.Мұсаев, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың Шымкент бөлімінің түлегі:

Филфактың 2-курсының грантта оқитын бір студенті Алматыдағы оқу орнына ауысып кетеді. Оның орнына бір студентті ауыстыру жөнінде бұйрық шығармас бұрын Лесбек ағай үлгілі студенттердің тізімін қарайды. Алғашқы сессиядан-ақ «4» пен «5»-ке оқып келе жатқан Сәуленің тұрмыстық жағдайын да ескереді. Сөйтіп, ХҚТУ-дің президентіне өз ұсынысын айтып, келісімін алады. Осыдан кейін студент Сәулені іздетіп, алдына келген оған грантқа ауыстырылғанын айтып қуантады. Сәуле: «Лесбек Тәшімов жақсы оқы, кейін өз бауырларыңды жетілдіруде анаңа көмектесуің керек»,-деп шығарып салғанда аузы ашылып қалғанын, қуаныштан келген көз жасына ерік бергенін айтады.

Құрбысы үшін қуанып жүрген курстасым Жазира: «Мұны естігендегі Сәуленің анасы мен бауырларының, жақындарының қуанышын сендерге айтып жеткізе алар ма екенмін?» -деп еді. Сәуленің анасы да қуанғанынан алғысын айтып: «Шіркін, Л.Тәшімовтей мына облыста 7-8 азамат болса ғой, онда мына сендердің өмірлерің жаңа арнаға түсер еді-ау!» -дейді.

Төрт жыл университет қабырғасында оқу орнының білікті басшысы Л.Тәшімовтің ондаған игі істерін көріп білдім. Ал, менің білмейтінім қаншама?…

Сөзімнің соңында айтарым, үлгілі, адамгершілік қасиеттері мол Тәшімов Лесбектей дара тұлғалы азаматты қалай құрметтесек те, артық болмас. Өйткені, ол кісі қаншама игі істердің бастаушысы болса да, кейбір жағымпаз қошеметшілерге ұқсап өзін-өзі жарнамалап жатқанын көрмедік. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген осы шығар. Ал, абыройы асқақ азамат, сүйікті ұстаз, аға туралы аз болса да, жылы лебізімізді жариялауды өзімнің шәкірттік борышым деп білдім.

Інісі кәсіпкер, Қамбардин ӨТЕМБАЕВ:

Терең түйсікті, рухани байлығы қаймақты, байырғы мен қазіргіні ұштастыра білетін,  үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білген Лесбек көкем игілікті істерімен үлгі болды. Әрдайым Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы және Шерхан Мұртаза секілді қазақ қаймақтарын өзіне үлгі етіп, өзінің жерлесі екендігін  мақтана айтып, ұлағатты адамдардың жалғасы іспеттес сезінетін және жауапкершілікпен қарайтын. Тарихымыздың көшбасшысы Абылай ханға ескерткіш қойды. Қазір өткенге ой көзімен қарап, кемелді келешекке ұқыппен барлау жасаса, осынау жылдардың белесінде өзі қалдырған із айқын көрініп жатыр. Ауыл баласының азамат болып қалыптасып, арман-болашағына қадам жасауы қаншалықты үлкен еңбекпен келетіні белгілі. Ғылымға деген туабітті ықылас, пейіл, ынтықтық Лесбек Тәшімовты ұдайы желеп-жебеп келе жатыр десек, бұл арманды көштің алға тартқаны емес пе?! Бүгінде 70-ке жетіп, артына көз салған ғалым аға көп шәкіртінің риза пейілін, рахмет көңілін сезінеді. Шын ғалым – шыншыл, шын азамат – арманшыл келеді десек, бүгінгі күні Лесбек Тәшімовты жаңа армандардың мазалайтынын да білеміз. Бала кезгі арман мен дана кезгі арманның арасы жер мен көктей екені даусыз. Бұрын көрсем, білсем деп армандаса, енді сол бойға жиған асыл қазынасын арттағы ұрпаққа жеткізе алдым ба деп алаңдайды. Бұл – шынайы ұстаздың арманы.

Ғылым көкжиегінде қыран болып қалықтап қанатын қаққан аға бойында дархан көңіл, дала мінез, өмірге деген даналық көзқарас, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер тұнып тұр. Бұл ,міне, нағыз – жүрек қасиеттері. Ұлылықты тану бар да, оны бағалау бар. Ендеше ұлылықтың белгісіндей болған аға болмысын бағалау парызымыз екенін терең сезіне отырып, көкеме мықты денсаулық, биік рух, отбасына амандық тілеймін. Әлі де болса биіктерден көргіміз келеді.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.