ТҮРКІСТАН: АҚШ-ТЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістанға Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж кезекті рет жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қабылдап, келіссөздер жүргізді. Кездесуде АҚШ консулы Түркістан өңірін дамыту бағытындағы жобаларды талқылауға дайын екенін жеткізді. Адам құқығы, адам саудасы, су мәселесі, жаңа қуат көздерін пайдалану, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу бойынша сұрақтарын қойып, тиісті мағлұмат алды.
– Жылы қабылдауларыңызға рахмет. Тарихи шаһарда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Түркістандағы оң өзгерістерді көріп жүрміз. Әріптестікті нығайтып, түрлі салалар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Өткенде түркістандық студенттермен қызықты кездесулер өткізілді. Білімді, жігерлі жастар бар екен. Шет тілін білетін жастар өңірді дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Кэролайн Сэвидж.
Сәкен Қалқаманов Түркістан облысы құрылғаннан бастап өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жақсарғанына тоқталды.
– 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Осы жылдар инвестиция көлемі артып, шет ел инвесторларымен әріптестік орнату бағытындағы жұмыс күшейе түсті. АҚШ мемлекеті тарапынан келетін инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, әріптестік орнатуға әрдайым дайынбыз, – деді ол.
Кездесуде Түркістанның дамуына Орта Азия мемлекеттерінің әсері, жаңа қуат көздерін табу, су ресурсын үнемдеу, ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды қарастыру мәселелері сөз болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.