ТҮРКІСТАН: «АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ» МЕН «МЕЙІР» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысында жылына 4000 демалушы-қарияны қабылдайтын «Ардагерлер үйі» бар. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы аталған орталыққа арнайы барып, ақ жаулықты әжелерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. Шараға Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева да қатысты. Сапар барысында мекеменің жұмысымен танысып, ұсыныс-тілектерді тыңдады.
– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына орай, ардақты аналарымызды мерекемен құттықтап келдік. Сонымен қатар мекемелердің жағдайын одан әрі жақсарту бойынша талап-тілектерді ортаға салуды көздедік. Бүгінгі таңда 2 мекемені қосқанда жылына 8 мыңға жуық ардагерге емдік-шипажай есебінде қызмет көрсетуге мүмкіндігі болса, әрқайсында бір ауысымда 200 қария ем-дом шараларын қабылдап келеді. Облысымызда 170 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның ішінде 58 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне мереке қарсаңында арнаулы әрі бір реттік қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылданған. Ардақты аналарды құрметтеу парызымыз, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Бұл орталықта 89 адам жұмыс істейді. Мұнда ҰОС мүгедектері мен ардагерлері және соларға теңестірілгендер, «Социалистік Еңбек Ері» және «Халық қаһарманы» атағына ие болғандар, тыл еңбеккерлері мен зейнеткерлері, батыр аналар мен «Алтын алқа» сондай-ақ «Күміс алқа» наградасының иегерлері, осы және өзге де санаттағы зейнеткерлер қысқа мерзімді демалуы және емделуі үшін әлеуметтің қызметтер көрсетіледі. Атап айтқанда, физиоемдеу, емдік дене шынықтыру, минералды, озокериттік ванналар, массаж, парафинмен немесе тұзбен емдеу жүргізіледі, түрлі дәрілік шөптердің қайнатпалары мен тұнбалары ұсынылады.
– Жетісай ауданының Зерделі ауылынан келіп демалып жатырмын. Мекеменің қызметтері мен қызметкерлердің еңбектеріне ризамыз. Осындағы қариялар шипаларын режимге сай алып жатыр. «Ардагерлер үйінде» түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар, жарыстар ұйымдастырылып тұрады, – деді мекеменің демалушысы Раушан Ахметова.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары «Мейір» ардагерлер үйіне де табан тіреді. Мекеменің мерекеге әзірленген шарасына қатысып, құттықтау сөзін арнап, тыныс-тіршілігіне куә болды. Бұл жерде де емдік-шипажайлық қызметтер көрсетіледі. Бұл мекемедегі штатттық құрылым саны 96 адамды құраса, демалушылар саны — 4000.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.