ТҮРКІСТАН: АРЫСТА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Арыстықтар күз-көктемде тал егуді әдетке айналдыруда. Қазан-қараша айынан бері Арыс қаласында өтіп жатқан сенбіліктер мен жаңа отырғызылған тал-дарақтар соның дәлелі. Бүгінде Арыс қаласында орналасқан «Жасыл-Арыс» КММ-нің мамандары Жер анаға желектен жүзік тағып, қаланың жасылға орануына үлес қосуда.
Бұл жолғы экологиялық акция Арыс – Шардара айналма жол бойында жалғасты. Мамандардың бір бөлігі ағаш отырғызатын орынды дайындап, мәре-сәре болып жатса, екінші топ жерге тігілген жас шыбықтарды суарып, бұрынырақ отырғызылған талдардың түбін қопсытып, діңін әктеп жатты. Мамандардың айтуынша, тіршілік көзі тал тамырына жетіп тұрса, жаз шыққанша жайнап шығуы тиіс.
Игі шара тек қала көлемінде ғана емес, ауылдық округтерде, мекеме-мектеп аулаларында да жалғасуда. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова шаһарды көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі таңда өз үйі іргесін, тұрғылықты көшесін абаттандырамын деген арыстық тұрғындарға әкімдік тарапынан көшеттер де үлестірілуде.
Жалпы, жоспар бойынша биылғы күзгі ағаш отырғызу маусымына Арыс қаласы мен ауылдық округ аумағында 25000 көшет отырғызу жоспарланып, жұмыс жүріп жатыр.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысына қарасты барлық аудандар мен ауылдарды жасыл желекке айналдыруға тапсырма берген еді. Осыған орай Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің тұқымбақтарында өсірілген ағаш көшеттері қарастырылып, егілуде. Оның ішінде қарағаш, үйеңкі, шаған, айлант, акация, туя, арша, шынар және тағы басқа ағаштар бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.