ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕГЕНДЕР ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ҰБТ-СЫЗ ТҮСЕ АЛАДЫ

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев айтты.

– Мерзімді әскери қызмет өткергендер 2 жыл ішінде, ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша ЖОО-ға тегін оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Бұл әскери бөлім командирінің мінездемесі негізінде жүзеге асады. Ал лайықты әскери қызметшілер ЖОО-ның гранты есебінен тегін жоғары (оның ішінде жоғары білімнен кейінгі) білім алуына болады. Сондай-ақ, емтихансыз грант негізінде ЖОО-ның әскери кафедрасына (офицер атағын алу үшін) түсу де қарастырылған. Одан бөлек, лайықты әскери қызметшілер емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай ҚР ҚМ-нің әскери оқу орындарына түсе алады. Бұл — елімізде қарастырылып жатқан үлкен жоба. Қазіргі таңда 30-ға жуық жоғары оқу орындары бұл жобаны қолдап отыр, — деді Жандос Тынымбекұлы.

Спикердің сөзінше, әскери мерзімі біткендер келсім-шарт негізінде 3 жылға қалып, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Оған арнайы тұрғын үй мен жалақы қарастырылған. Осы ретте 5-10 жылға дейін ұзартуға болады.

Сонымен қатар, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу кезіндегі жұмыстар ашық форматта жалғасады. Кез келген адам қажетті ақпарат алу үшін хабарласа алады және барлық сұрақтарына жауап беріледі. Ол үшін Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментте, басқарма мен бөлімдерде «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде электрондық пошта мен ресми аккаунттар ашылған.

Айта кетейік, мерзімді әскери қызмет өткеру тек қару қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеруге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар, денені шынықтырып, рухани нығаюға ықпал етеді. Сондай-ақ, әскери қызмет — әр жас жігіттің заңды түрде белгіленген міндеті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.