ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖІТІ НАЗАРЫНДА

Түркістан облысында құрылысы ұзаққа созылған мектептерге жауапты мердігерлермен келісімшарт бұзылды. Олар Жетісай, Отырар және Қазығұрт аудандарында орналасқан. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжат түзетіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, мердігер мекемені анықтап, құрылыс жұмыстары жалғасатын болады. Түркістан облысында биыл 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,7 млрд. теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 59 мектептің 21-ін пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан былай жұмысына жауапсыз қараған жосықсыз мердігерлермен жұмыс жалғаспайды. Олардың өз міндетін қалай орындағаны сараланып, қырағы қадағалауда болады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы лауазымға тағайындалғаннан кейінгі алғашқы апталық аппарат отырысын өткізіп, білім нысандарының құрылысын мұқият бақылауды тапсырды. Олардың сапасына қадағалауды күшейтуді жүктеді.
– Құрылысы кестеден қалып қойған мектептерді қайта тексеру керек. Уақытында тапсырылмай, құрылысы қысқа дейін созылатын нысандардың сапалы шығатынына күмәнім бар. Сондықтан жауапты басқарма басшылары білім ұяларының құрылыс барысын қайта қарап шықсын. Мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары да өз мерзімінде аяқталуы тиіс. Қаржыға дер кезінде ұсыныс беру, жұмыс барысын, мердігердің жұмысын қадағалау – міндеттеріңіз. Өңірде оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасалуы қажет. Бұл бағытта жұмыс жалғаса береді, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі өңірдегі мектептердің құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, кемшіліктерді жойып, білім саласына қатысты қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Басқармалар өзара кеңесіп, кейбір мәселелерді ортақ үйлестіру керек екенін атап өтті. Аталған жұмыстарға жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің тікелей жауапты екені ескертті. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан метептерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Құрылыстың оқу процесіне кедергі келтірмеуін ескертті. Облыста 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы 4 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Жыл соңына дейін олардың жартысы толық жөндеуден өтеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.