ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 110 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

2023 жылы Түркістан облысында жұмыспен қамту саласы 4 негізгі стратегиялық бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде «Өңірдің жұмыспен қамту картасын» бекіту, Үкіметтің қаулысы негізінде «Еңбек» бағытының іске асырылуы, Түркістан облысының даму бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту арқылы өз ісін ашу, Мемлекет басшысының «2050 жылдарға дейінгі даму стратегиясы» бойынша цифрландыруды тереңдету іске асырылады. Осы мәселелерді бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат жиынында талқыланды.
– Тұрғындарды жұмыспен қамту жоспары жүйеленіп, сапалы орындалуы тиіс. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Әсіресе халық тығыз орналасқан аудандарда жағдай қиын. Тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек, – деді облыс әкімі.
Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 109,7 мың жаңа жұмыс орынын ашу жоспары ұсынылып, өңір басшысының бекітуімен облыстың жұмыспен қамту картасы нақтыланды. Оның ішінде 72,4 мыңы тұрақты болса, 37,4 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Осы жылдан бастап 35 жасқа толмаған азаматарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген қайтарымды шағын несие беру жоспарлануда. Ал әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары жалпы «Еңбек» бағыты аясында 32,9 мың адамды субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бюджет есебінен 35,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Атап өтерлік, 2023 жылдың 1 айында жалпы 6,8 мың азамат жұмыспен қамту шараларына жолданды.
Түркістан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарының грант алушыларымен пилоттық жобалар жүзеге асырылады. Келес ауданында мал шаруашылығы, Сарыағашта құлпынай өсіру, Шардарада тігін салалары бойынша кооперативтер құрылады. Осылайша, жоба арқылы осал топтағы азаматтарды қамтып, күнкөріс деңгейін арттыру мақсат етілген.
2024 жылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары түбегейлі форматталады. Республика көлемінде пилоттық режимде Астана қаласы, Қарағанды облысымен қатар Түркістан облысының Бәйдібек, Сарыағаш аудандары, Кентау және Түркістан қалаларының орталықтары трансформацияланады.
Басқарма тарапынан ірі кәсіпорындарында 1 мыңға жуық бос жұмыс орындары бар Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарына ұсыныс хат жолданып, еңбек ресурстарын арттыру үшін келіссөздер жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.