ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2019 ЖЫЛЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТКЕ КЕЛТІРІЛГЕН ЗАЛАЛДЫҢ 99,7%-Ы ӨНДІРІЛГЕН
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті жылдық есеп бойынша қорытынды жиын өткізді.
Өткен жылға нүкте қойылған келелі шарада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев сөз алып, тергеу саласында атқарылған жұмыстар мен анықталған жемқорлық қылмыстары бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталды.
Департамент басшысы 2019 жылдың 12 айында сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша 114 қылмыстық іс тіркелгендігін, оның ішінде 88-і сыбайлас жемқорлық қылмыстары болып табылғандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, өндірістегі қылмыстық істердің 328 ісі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданып, оның 81 қылмыстық ісі айыптау актісімен сот қарауына жолданғанын БАҚ өкілдеріне баяндады.
100-ден аса қоғам өкілдері қатысқан есеп беру жиынында өндірістегі қылмыстық істер бойынша мемлекетке жалпы көлемі 373,6 млн. теңге залал келтірілгендігі мен оның 372,3 млн.теңгесі (99,7%-ы) ел бюджетіне өндірілгендігі мәлім болды.
Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша Департаментінің жүргізген талдау қорытындысына сәйкес, анықталған сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстардың басым бөлігі жергілікті атқарушы мекемелер мен ішкі істер қызметінде орын алғандығы ашық атап көрсетілді.
Айта кетсек, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша облыста тіркелген жемқорлық қылмыстарының саны 2018 жылмен салыстырғанда, едәуір төмен. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүргізілген түсіндіру шаралары мен ақпараттық-ағарту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілгенін көрсетеді.
Қорытынды есеп соңында Департаменттің жаңа мерзімге құрылған жұмыс жоспары мен күн тәртібінде тұрған басты мәселелері атап өтіліп, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауап берілді.