ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2022 ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістанда «Жыл үздігі-2022» атанған азаматтарды марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды өз салалары бойынша үздік атанып, еңбегімен, отаншылдығымен танылған түрлі сала өкілдерін құттықтады.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының мәртебесі әрқашан биік екенін айтқан болатын. Бүгін біз өңірдің дамуына үлес қосқан үздіктерге құрмет көрсетеміз. Елінің патриоты, мемлекетшіл тұлғалардың арқасында Түркістан облысы биыл әлеуметтік-экономикалық өсімнің оң көрсеткішіне ие болды. Көне мен жаңаның, тарих пен болашақтың ордасы атанған Түркістанды түркітілдес елдердің рухани-мәдени астанасы етіп, туризм орталығы ретінде ары қарай дамыту – сіз бен біздің парыз! Біз Сіздер секілді көшбасшылармен, қайраткерлермен бірге Жаңа Қазақстанды, Жаңа Түркістанды дамытамыз! Марапаттарыңыз құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы жылдың үздік мекемелері мен кәсіпорындарының жетекшілерін марапаттап құрмет көрсетті.
Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сәулет, табиғат, энергетика және коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салалары бойынша жыл үздіктерін марапаттады. Ал облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев мәдениет, спорт, білім, денсаулық, қоғамдық даму, архив салалары бойынша жыл үздіктеріне марапаттарын тапсырды. Жалпы 43 аталым бойынша үздіктер құрметке бөленді.
Түрлі салада облыстың, еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтардың, еңбек адамдарының мерейі тасыған кеште республикаға танымал әншілер мен өнер ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды. Өте мағыналы әрі мәнді үйлестірілген салтанатты іс-шараға көпшілік қауым ризашылығын білдіріп, үздіктерге шын ықыласпен құрмет көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.