ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биыл облысқа қарайтын қалаларды су бұрумен жабдықтау саласы бойынша 9 нысанға бюджет есебінен 7,1 млрд. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы құрылысы аяқталады. Кәріз тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Сәкен Далиевтің баяндауынша, облыстағы Түркістан, Кентау, Арыс, Ленгір, Жетісай, Шардара қалаларының тұрғындары 33,2%-ға кәріз жүйелерімен қамтылған. Түркістан қаласында 27 дана кәріздік-сорғы станциясы мен кәріз-тазалау имараты бар.
Халық санының өсу қарқынын, сондай-ақ құрылыстың жоғары қарқынын ескере отырып, рухани астанада қосымша су жабдықтары қуатын арттыру көзделген. Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталығы мен мәдени-рухани орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың және бюджеттік мекемелердің көптеп салынуына орай, жаңадан қуаттылығы 75 мың м3/тәу құрайтын кәріз-тазалау имаратының құрылысын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы жүйелі түрде есеп беруді міндеттеді. Жаңа жобаларды уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеу мен бекітудің, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізудің маңызын атап өтті.
Биыл Ұлттық қор есебінен 6,4 млрд. теңге бөлініп, тоғыз ықшам ауданды толық қамтитын 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Кентау қаласы 80 пайызға жуық кәріз жүйелерімен қамтылған. Қалада жаңадан қуаттылығы 8,5 мың м3/тәу кәріз-тазалау имаратының құрылысын салу жоспарлануда. Жоба бойынша 3,5 шақырым магистралды кәріз коллекторы сарқынды суларды жинақтау тоғанының құрылысын салу қарастырылған. Сонымен бірге, Ленгір, Арыс, Жетісай және Шардара қалаларында орталықтандырылған кәріз жүйелері жұмыс істейді. Жаңарту жұмыстары көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.