ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨГАЛДАНДЫРУ, САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖӘНЕ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Түркістан облысының аудан, қалалары мен елді мекендерін көгалдандыру, облыс аумағындағы құрылыс қалдықтарын тастайтын орындар және балық шаруашылығы, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының 4-ші бағыты бойынша балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен жиын өтті.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.

Отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады.

– Үкіметтің хаттамалық тапсырмасымен министрлік тарапынан әзірленген Жол картасына сәйкес құрылыс қалдықтарын тастайтын алаңша ашып, қайта өңдеуді дамыту қажет болатын. Осы орайда құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша барлық аудан, қала әкімдіктерінде ешқандай жұмыстар атқарылмай отыр. Қалдықтарды жинауға, тасымалдауға арналған тарифтерді Арыс, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Шардара аудандары әлі күнге дейін бекіткен жоқ, – деді басқарма басшысы.

Елді мекендерді көгалдандырудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріне орман шаруашылығы мекемелерінен 2022 жылдың күз айларында 251 685 дана, ал 2023 жылдың көктем айларында жалпы 532 682 дана әртүрлі көшет аудан, қалаларға босатылып, отырғызылды. 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктеріне басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінен босатылатын көшеттердің жоспары жасалған. Іс-шара жоспарына сәйкес, босатылған көшеттерді тасымалдау, егу және күтіп баптау жұмыстарын атқару аудан, қала әкімдіктеріне жүктелген. Жиында осы жоспарға сәйкес жұмыс істеу тапсырылды.

Бұдан өзге отырыста балық шаруашылығына ерекше мән берілді. Алайда басқарма мен Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен бағдарламаның IV бағыты бойынша жеңілдетілген несие рәсімдеудің механизмдері туралы барлық аудан, қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, оң шешімін таппай отырғандығы сөз етілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының IV «Балық шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша аудан, қала әкімдіктерімен кәсіпкерлерге құжат тапсырту, жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқандығы айтылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары күздік ағаш егу маусымына босатылатын көшеттердің жоспарына сәйкес аудан, қалалар көшеттер көлемін мүмкіндігінше алып, егу жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту, құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы орындар ашу және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын инвесторларды айқындап, жұмыстарды жандандыру бойынша нақты тапсырма берді.

Түркістан облыс әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.