ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысында мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар мен жасөспірімдерге қолдау көрсету мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Оған прокуратура, Түркістан облысының полиция департаменті, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшылығы мен басқарма басшылары қатысты. Мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
– Жауапты басқармалар мен департамент балалардың қауіпсіздігі бойынша мектепалды жолдарға жол белгілері мен бейнебақылау камераларын, жасанды кедергілер, жаяу жүргізушілер жолағы, бағдаршамдар мен жарықшамдар орнату жұмыстарын биыл толық атқаруы тиіс. Мектептердің қоршаулары мен бейнабақылау жүйесін талапқа сәйкестендіру, дабыл батырмаларын, турникет орнату, күзетпен қамту және өзге де жұмыстарды толық атқару бойынша іс-шара жоспары бекітілсін. Қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, облыстағы 1000 мектепте 515 мыңға жуық оқушы, 52 колледжде 37 мыңға жуық студент білім алуда. Ал 1364 балабақшада 151 мыңнан астам бала білім алып, тәрбиеленіп жатыр.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты берген тапсырмаларына сәйкес, облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелеріне арнайы талдау жүргізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз ету» тапсырмасына сәйкес, облыстағы мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз етілген. Алайда облыс мектептеріндегі бейнебақылау камераларының 3328-інің тозығы жеткен. Турникет орнату және дабыл жүйесімен толық қамту, әжетханаларды талапқа сәйкестендіру өзге де жұмыстарға қаржыландыру көздерін қарастыру бойынша жиында ұсыныстар берілді.
Мәжілісте балалардың құқығын қорғау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, психологиялық сүйемелдеу мәселелері де талқыланды. Өңірде кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша былтыр 209 дерек, кәмелет жасқа толмағандармен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 154 дерек тіркелген.
Түркістан облысында бала құқықтарын жөніндегі уәкілі Гүлжан Вероцкая бала құқығына қатысты мәселелерге тоқталып, шешімін табу жолдары туралы да ұсыныстарын жеткізді.
– Біздің мектеп психологтары белгілі жоспарға сәйкес психометриялық тестер мен түрлі тренингтер жүргізеді, дегенмен күрделі мәселе туындағанда кәсіби көмек көрсете алмайды. Психология саласында зерттеулер жетіспегендіктен, кімге қандай көмек көрсетілуі туралы нақты нұсқаулықтары жоқ. Түркістан облысы бала саны бойынша алдыңғы қатарда болғандықтан, бала құқығын қорғау бізде өте өзекті. Әрекеттеріміз жүйелі әрі нақты болуы үшін біз зерттеулер жүргізіп, негізгі заңдылықтарды анықтап, тиімді шараларды талдап, кешенді шешімдерді қабылдауымыз керек, – деді ол.
Өңір басшысы ұсынылған жобалар бойынша тиісті жұмыс атқаруды тапсырды. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.