ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАРЛЫҚ АУДАНДАРЫНДА «ЖАҢА БУЫН ОРТАЛЫҚТАРЫ» САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен барлық аудан орталықтарында заманауи үлгідегі мәдени ошақтар бой көтереді. «Жаңа буын орталығы» деп аталатын мәдениет ошақтар көпфункционалды болады. Онда балаларды жан-жақты дамытуға күш салынады. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте үлкен қолдау әрі тамаша сыйлық болмақ.
Облыс әкімінің халықпен кездесуінде жиі көтерілетін мәселені жүзеге асыру үшін өңір басшысы Дархан Сатыбалды жаңа мәдениет ошақтарының жобаларымен танысты. Бірегей жобаның тұжырымдамасын бекітті. Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
– Аудандарда халықпен кездесуде мәдениет үйін ашу туралы ұсыныстар көп айтылады. Ойлана келе, ауыл балаларының білімін арттырып, бос уақытын тиімді пайдалану үшін көпсалалы ерекше орталықтар ашу туралы шешімге келдік. Онда келген ересектер де, балалар да өзін өте жайлы сезінуі керек. Баланы ғылымға жетелеп, мәдениет пен спортқа баулитын, ұлттық құндылығымызды үйрететін орталықты барлық ауданда ашуды көздеп отырмыз. Біздің өскелең ұрпақ білімді, зиялы, мәдениетті, дені сау әрі өнерлі болып өсуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Ауқымды құрылыс келер жылдың басында оңтүстік аумақтардан басталмақ. Алғашқы орталықтар Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш пен Келес аудандарында салынады. Облыс басшысының мақұлдауымен орналасатын орны анықталуда. Жаңа буын орталықтары аудан орталықтарында, саябақтарға жақын аумақта бой көтереді.
2 қабатты ғимаратта салтанатты жиындар өткізуге арналған мәжіліс залы болады. Сонымен бірге ғылымды дамытуға бағытталған кибернетика, робототехника мен fab-lab steam орталықтары ашылады. Өнер, шығармашылық пен спорт салалары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисі үйірмелері ашылады. Амфитеатр мен ойын алаңдары салынады.
Қорыта айтқанда, бұл орталықтар кітапхана, мәдениет үйі және оқушылар сарайының міндетін атқарады. Облыс әкімі әрбір ғимаратты талапқа сай етіп, жанашырлықпен салуды тапсырды. Аталған орталықтар адами әлеуетті аттырады деген сенім мол.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.