ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСӨСПІРІМДЕРІ КӨКПАР МЕН АУДАРЫСПАҚТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Жуырда Көкшетау қаласында көкпардан және аударыспақтан жасөспірімдер арасында кезекті Қазақстан чемпионаты аяқталды. Түркістан облысының құрамасы ұлттық спортының төресі – көкпардан бас жүлдені иеленіп, мерейімізді үстем етті. Жеңіске деген күш-жүгерлері мықты өрендер Көкше жерінде өткен бұл додаға жоғары дайындықпен барыпты.
Көкпар додасына елімізден 10 команда қатысты. Түркістандық көкпаршылар финалда Алматы қаласының көкпаршыларын 12:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, ел чемпионы атанды. Көкпардан жасөспірімдер құрамасын сайысқа Түркістан облысының аға бапкері Бақтыбай Шырынқұлов бастап барды.
Аударыспақтан да чемпионат өтті. Республикамыз бойынша 15 командадан 90-ға жуық спортшы қатысқан дүбірлі додада жерлестеріміз 6 алтын, 1 қола медаль еншілеп, бірінші орынды иеленді. Жігіттер 8 салмақ бойынша сынға түсті. Туған елге олжалы оралған сайыпқырандарды Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің ұжымы зор қошеметпен қарсы алып, оларға сый-құрмет көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.