ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ӨСІМ БАР

Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев 9 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Мұхит Баймұханбетұлының мәлімдеуінше, аудан бюджетінің өзіндік кірістері 2022 жылы 4,8 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Есепті мерзімнің жоспары 3,6 млрд теңге болған. Яғни нақты түскені 4,1 млрд теңгені құрап, 112,5% орындалған. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 36,3 млрд теңгеге жоспарланып, есепті мерзімнің жоспары 24,5 млрд теңге болған. Яғни 99,8%-ға игерілген.
– Ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 2022 жылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша 187 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 104,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15,7 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімі 22,8 млрд теңгені құраса, сауда бойынша көрсеткіш 44 млрд теңге болды. Ал егіс көлемі 67,8 мың гектарға орналастырылып, жоспар 100 пайызға орындалды. Аталған жер учаскелерінен жалпы 658,1 мың тонна өнім жиналды. Биыл жаңадан 35,3 гектарға жылыжайлар салынды. Осы ретте 98,7 мың тонна өнім жиналып, саудалануда, — деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Спикердің сөзінше, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы биыл өңірдегі 8437,2 гектарда жүзеге асырылып, оның Сарыағашқа тиесілі 1601,2 гектарынан жалпы 92 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, 465,4 гектарға тамшылатып суару технологиясы іске асырылған.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында да оң өсім бар. Биылғы 9 айдағы көрсеткіш бойынша мал мен құс саны 1 100 164 басты құрады. Яғни 12079,3 тонна ет (тірі салмақта), 47468,8 тонна сүт және 88,1 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 мың бірлікті (115,8%-ды) құрады. Осы кәсіпкерлік нысандары арқылы 43 251 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 400 млн теңгеге 3 жоба мақұлданды.
Айта кетейік, туризмді дамыту мақсатында Сарыағашта биыл 3 нысан іске қосылды. Нәтижесінде, 100 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.