ТҮРКІСТАН: ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДА ҚАУІПСІЗДІККЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК

Түркістан облысында шомылу маусымының басталуына байланысты ірі су қоймалары мен өзендерде қауіпсіздік шаралары күшейтілуі керек. Аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы мәселеге тоқталып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
– Ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігіне баса мән берілуі керек. Түркістан қаласында бірқатар су нысандары іске қосылып жатыр. Осы аумақтарда қауіпсіздікті шараларын күшейткен жөн. Тұрақты қадағалау қажет, – деген Өмірзақ Шөкеев құтқару қызметінің дайындығын, қажетті техникамен қамтылуын назарда ұстауды тапсырды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н.Жүнісовтің айтуынша, департамент өкілдері су айдындарында адамдардың суға кетуінің алдын алу мақсатында қала, аудан әкімдіктерімен және басқа құзырлы мекемелермен бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Арыс қаласы мен Шардара ауданында бассейндер сатып алынған. Арыс өзені жағасынан коммуналдық жағажай ашылып, нәтижесінде осы аумақта балалар арасында суға батып кету оқиғасы күрт төмендеген.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен «Қауіпсіз мекен» атты акция өтіп жатыр. Қазығұрт ауданында еріктілерді жинап, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қараусыз жүрген балаларды ата-аналарына тапсыру бойынша арнайы семинар-тренинг өткізілген. Бұл жұмыс жалғасын табады. Барлық мектептерде «Судағы қауіпсіздік ережелері» бойынша ашық сабақтар өткізіліп, арнайы қауіпсіздік бұрыштары орнатылған.
– Биыл су айдындарында 5 адам қаза тапты, оның ішінде 4-еуі – жас бала. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суда тұншығып жатқан 2 баланы құтқарып, ата-анасының қарауынсыз жүрген 63 бала отбасыларына тапсырылды, – деген департамент басшысы ата-аналарға өз ұл-қыздарын суға қараусыз жібермеуге, қауіпсіздікке баса мән беруге шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.