ТҮРКІСТАН СПОРТШЫЛАРЫ ЖҮЗУДЕН 19 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Талдықорған қаласында жүзуден Қазақстанның қысқы чемпионаты өтті. Бұл сында Түркістан облысының спортшылары 8 алтын, 6 күміс және 5 қола медальға қол жеткізіп, жеңіп алған жүлделер бойынша өздерінің рекордтарын жаңартты. Әсіресе әйелдер арасындағы 4 X 100 метрге кешендік жүзу эстафетасындағы түркістандықтардың жеңісі айтулы оқиға болды. Команда құрамында Дарья Тоқтобаева, Аделаида Пчелинцева, Софья Сподаренко және Милана Болдырева болды.
Жекелей сындарға келсек, Аделаида Пчелинцева 3 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Ол 50 және 100 метрге брасс әдісі бойынша жүзуден ешкімге дес бермеді. Ал Софья Сподаренко баттерфляй және еркін стильде чемпион атанды. Күміс пен қоланы да еншіледі. Милана Болдырева 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алса, Дарья Тоқтобаева осы сында 5 медаль олжалап, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Тағы бір дарынды спортшы Әлжан Сағадиева күміс жүлдеге ие болды.
Желтоқсан айында Австралияда жүзу бойынша әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасының сапында Ислам ойындарының жеңімпазы Аделаида Пчелинцева жүлделерге таласады. Түркістан облысының спортшылары аға бапкер Ж.Шалдарбековтың, Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы А.Смолеевтың, еліміздің ұлттық құрамасының жаттықтырушылары И.Гусаков пен С.Осинскийдың басшылығымен шеберліктерін шыңдады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.