ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ 3 АЙДАҒЫ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша 3 айдың қорытындысын баспасөз жиынында баяндады.
Брифинг барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық пен ашықтық қағидаттарын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстар айтылды.
Соңғы 3 айды қорытындылаған Нұрдәулет Ильясұлы өз сөзінде жыл басынан бері облыс бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында 9700 адамды қамтыған 87 түрлі бағытта іс — шаралар өткенін, сондай-ақ алдын алу бағытындағы жаңашылдықтардың бірі ретінде енгізілген сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша ашық режимде өтетін сот отырыстарына күдікті деп танылған азаматтың әріптестерін қатыстыру тәжірибесі бойынша биылғы жылы 1 сот отырысы өткенін баяндады.
Сондай-ақ, алдын-алудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жұмыстарын назарға алып, биыл облыстық көліктік бақылау инспекциясынан бастау алған сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұлдың мөлшерін негізсіз төмендету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын жеткізді.
«Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу — жемқорлық көріністерінің алдын алудың тиімді құралы. Осы жылдың 3 айында әкімшілік тәжірибе бойынша мемлекеттік қызметте бола тұра бизнеспен айналысқан 3 лауазымды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 154 — бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулысымен әр қайсысына 428 820 теңгеден жалпы 1 286 460 теңге айыппұл салынды», — деді Н.Сәмет.
Брифинг соңында Қазақстанның сыбайлас жемқорлықсыз келешегі — әрбір ел азаматына тікелей байланысты екенін алға тартқан Департамент баасшысының бірінші орынбасары халықтың саулығы жолында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті бірлесе қалыптастыруға және жалпы қоғам болып жемқорлықпен жұмыла күрес жүргізуге шақырды.