ТҮРКІСТАН: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІН САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

 Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанында М-32 «Самара-Шымкент» бағытындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолы ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Қызылорда облысының шекарасына дейінгі жолдар жабылды. Осы аралықта көктайғақ салдарынан бірнеше жол-көлік оқиғалары орын алып, бір адам қаза тапқан. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Талғат Досалиев Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

   Жалпы биыл Түркістан облысы аумағында қараша айынан бастап ауа райының бұзылуына байланысты 6 рет республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылған. Оқыс оқиғаларға  жол бермеу және алдын алу мақсатында СМС хабарламалар жолдау, әлеуметтік желі арқылы үндеулер жариялау тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

  «Облыс тұрғындары мен қонақтарына ауа райы туралы болжамдарға, ұялы телефондағы хабарламаларға мән беріп қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Әрбір азамат ескеруге тиіс жайт, алыс жолға шығар болса автокөлік доңғалақтарын қыстық доңғалаққа ауыстыруға, жолда жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, шекті қойылған жылдамдықты асырмауды ескерсе қауіптің беті сейілер еді. Департамент тарапынан қысқы төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 466 жеке құрам және 83 бірлік арнайы техника дайындыққа келтірілген. Қыс маусымы басталғалы бері авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 21 техника жұмылдырылып,  5 адам қар құрсауынан шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді», — деді Талғат Серікұлы.

   Мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары Асанғали Төлепбергеновтың айтуынша, былтыр Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде пиротехникалық заттарды пайдалануда жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Дегенмен, үй жағдайында балаңыздың және отбасы мүшелеріңіздің денсаулығына әрдайым мән берген жөн. Жоспарға сай биылғы жылы да пиротехникалық заттарды қолдану барысында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған рейдтік шараларды ұйымдастыру көзделген.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.