ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМ ОРДАСЫ

Түркі халықтарының рухани, мәдени және экономикалық саудасының орталығы ретінде Түркістан қаласының тарихы тереңде. Қала екі ғасырдан астам уақыт бойы ең жақсы қазақ тайпалары жерленген қазақ хандығының астанасы болды. Бұл –мәдениет орталығы, бұл – республиканың орталығы. Елдің оңтүстігіндегі тағы бір гүлденген қала. Сол себепті де қолданылатын құрылыс материалдарының әсері ерекше. Заманауи құрылыс материалдары құрылыста ғана емес, сонымен қатар ғимараттарды  қаптауда да қолданылады. Сыртқы декор құрылымының стилистикалық әсемдігін қалыптастыруға тамаша мүмкіндік береді және зәулім де әсем ғимараттар өңір туризмін дамытуға сеп болады.

Бүкіл дүние жүзіне әйгілі орта ғасырдан қалған сәулет өнерінің інжу-маржаны Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де осы Түркістанда.

Түркі әлемінің рухани астанасы және Яссауи ілімінің тарихының  маңыздылығы, халықтың рухани, діни, қоғамдық және әлеуметтік қажеттіліктеріне сай жан-жақты қызмет атқарып келген қаланың даму кезеңдерінің түп-тамыры тереңде. Осы себепті де Түркістан қаласындағы құрылыстың мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығы жоғары, алға қойылған мақсаттардың бірі, Елбасымыздың тапсырмасы. Түркістан қаласы жалғыз облыс орталығы ретінде ғана емес, бүкіл әлемдік халықаралық түркі рухани орталығы, туризм ордасы ретінде де әйгілі болуы керек. Яғни барлық ғимараттар, құрылыстар, коммуникациялар, қаладағы барлық инфақұрылым халықаралық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Сонымен қатар, бүгінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасында абаттандыру  жұмыстары жүргізілуде. Ал кесененің жанында ҚР Тұңғыш Президентінің есімімен аталатын жаяу жүргіншілер аллеясы құрылысының маңызы зор және оның тарихи құндылығы ескеріле отырып, шығыс стилінде салынуда. 5000 адамға арналған мешіт, «Керуен-Сарай» шығыс базары, Б.Саттарханов атындағы проспект бойындағы саябақ, бизнес-орталықтар, жастардың білімін арттыру мақсатындағы ғылыми-әмбебап кітапханалар, Жеңіс саябағы, сонымен қатар қазіргі таңдағы барлық талаптарға сай келетін тұрғын үй кешендері салынуда. Бұған дейін бұл қалада жаңа әуежай, басқару үйі, Конгресс- холл, орталық стадион, оқушылар сарайы, ойын-сауық орталықтары, жасырын хауызы бар спорт кешендері, «Rixos» қонақүйі, Қожа Амет Яссауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Туризм университеті, «Hampton by Hilton» қонақүйі, этноауыл және Арбат сынды құрылыс нысандары бой көтерген болатын.

Осындай маңызды құрылыс орындарын салу барысында құрылыс материалдарының алар орны орасан зор. Түп- тамыры тереңде жатқан орта- ғасырлық Түркістан өңірін көркейтуде беттік декоративті керамикалық плиткалар, табиғи және жасанды мрамор қиыршықтастары, сұйық травертин секілді заманауи құрылыс материалдары қолданылу үстінде. Тұрғын үй құрылысында экономикалық жағынан тиімді, экологиялық таза, жылуоқшаулағыш және акустикалық материалдар пайдаланылуда. Айта берсек қолданылып жатқан қазіргі материалдар өте көп.

Бүгінде Түркістанда жағажай туризмін дамыту да назарға алынуда. Шаһарда елімізде баламасы жоқ жасанды көлі бар заманауи демалыс аумағы ашылмақ. Бұл ерекше кешеннің құрылысы үш кезеңде жүзеге асады. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 2,5 млн. м3 болса, көл суы «Кеңсай-Қосқорған» – 2 су реттегішінен жиналады. Яғни жаңа демалыс аймағы облысқа туристер мен инвестицияларды тартатын ірі орталыққа айналары анық.  Өңір басшысы Ө.Шөкеев те осынау құрылыс барысын өз бақылауына алған. Қазір мұнда қазу жұмыстары жүргізіліп, дамбалар тұрғызылып, жалпы ұзындығы 550 м каналдың бетон құю жұмыстары аяқталып та қалды. 15 техника мен 70 жұмысшы жұмылдырылған нысанның алғашқы кезеңі осы айда аяқталады. Бірегей демалыс кешені келер жылы пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ «Түркістан» туристік орталығында су спорты түрлерімен айналысуға арналған арнайы орындар ашылады. Жасанды көлдің жағалауында ағаштар отырғызылып, балаларға арналған демалыс аумағы бой көтереді. Элиталық коттеджер мен қонақүйлер де салынбақ.

Түркі әлемінің мәдени және рухани астанасы бұл түркі қауымдастықтарының мәдени дамуына назар аудару жолында жыл сайын қаланы түркі халықтарының орталығы етіп, түркі тілдес мемлекеттердің одақтастығы шешімімен сайлаудан өтетін қаланы айтамыз. Бұл бақыт  2021 жылы осы ұйымның қаулысымен біздің Түркістан қаласына бұйырған екен.

Түркістан – түбі  бір түркі халықтарының тарихтың түркі кезеңінде, тұтас ұлыс болып ұйысуында, ортақ діні мен тілін қалыптастырған қасиетті мекен. Шерхан Мұртаза мен Рашид Ыбыраев «Киелі Түркістан» деген мақаласында «…Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз ұлтын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, сол елдің пір тұтқан, асыл кие тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде – Самарқанд, Бұқара, орыстарда – Суздаль Владимир, Иранда – Мешхед, Моңғолияда – Қарақорым, біз үшін сондай рухани алып –Түркістан …», -деп ерекше атап өтеді. Талай тарихи тұлғалар мен әлемге әйгілі ғұлама ғалымдардың денесі жерленген бұл қаланың қасиетті рухани орталыққа айналуы да кездейсоқ емес, қайта ауыз толтырып айтарлық­тай заңды құбылыс деп айтсақ артық айқанымыз болмас. Олай болса, Түркістанда таяу болашақта туризмнің қарқынды дамып, төрткүл дүниеге танылып, бұл саланың өрлеу кезеңіне иек артатын кезі де алыс емес деп білеміз.

 

А.ҮСІПОВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.