ТҮРКІСТАН: ҮШ ЖЫЛДАН АСТАМ ЖАБЫҚ ТҰРҒАН ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ КҮМБЕЗІН ҚАЙТА ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Үш жылдан бері жабық тұрған кесене күмбезін жаңарту жұмыстары аяқталды. Күмбездің тарихи келбеті сақталып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілді. Қазір күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақын.
Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімі Ө.Шөкеевтің жіті қадағалауымен Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе жүргізілуде.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Ал Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы 5000-нан аса біздің эрамызға дейінгі 1 ғасырда жасалған ежелгі алтын бұйымдар табылған.
Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында туристер демалатын, қалың бау-бақшалы селфи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер туристер көз қуанышына айналмақ.
Сондай-ақ, Б.Саттарханов даңғылы аумағында этноауыл салынуда.
Атап өтейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде атқарылған жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде. Кесенедегі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова да келіп танысты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.